Ғалымдардың айтуынша жер қозғалып, ядроның пішіні өзгеріске ұшыраған

Жарияланды 12 Ақпан 2025 09:04

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Жер қозғалып, ядроның пішіні өзгеріске ұшыраған / фото: shutterstock

Соңғы 20 жыл ішінде Жердің ішкі ядросы пішінін өзгерткен деп болжайды бір топ ғалым. Бұл туралы профессор Джон Видейл бастаған зерттеу тобы Nature Geoscience журналында жариялаған ғылыми жұмысында мәлімдеді.

Ғалымдардың айтуынша, ішкі ядро кейбір жерлерде 100 метрден астам биіктікке дейін деформацияға ұшыраған.

Жер ядросының рөлі қандай?

Жердің ішкі ядросы біздің планетамыз үшін маңызды, себебі ол магнит өрісін қалыптастырып, күннен тарайтын қауіпті радиациядан қорғайды.

Ішкі ядро сұйық сыртқы ядродан және Жердің басқа бөліктерінен тәуелсіз айналады. Егер бұл қозғалыс тоқтаса, Жер өзінің магнит өрісін жоғалтып, миллиардтаған жыл бұрын магнит өрісінен айырылған Марсқа ұқсас, тіршіліксіз планетаға айналуы мүмкін.

Ядроның пішіні неге өзгереді?

Ғалымдар зерттеу барысында ішкі ядроның 2010 жылы баяулап, кейін қайта жылдамдағанын анықтады.

Зерттеу барысында ғалымдар 1991-2023 жылдар аралығында бір жерде қайталанған жер сілкіністерінің сейсмикалық толқындарын зерттеді. Сейсмикалық толқындардың Жердің әртүрлі қабаттарынан өту ерекшеліктерін талдай отырып, олар ішкі ядроның өзгеруін байқаған.

Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер ішкі ядроның балқу нүктесіне жақын аймақтарында орын алуы мүмкін. Деформация сыртқы ядродан ағып өтетін сұйық металдардың қозғалысы мен Жердің ішкі гравитациялық өрісінің біркелкі болмауынан туындауы мүмкін.

Жер ядросы қатып қалуы мүмкін бе?

Жердің сұйық сыртқы ядросы біртіндеп қатайып, ішкі ядроға айналып келеді. Бірақ оның толықтай қатуы үшін миллиардтаған жыл қажет. Бұл процесс аяқталған кезде Жердің магнит өрісі жойылып, тіршілікке қауіп төнуі мүмкін. Алайда сол уақытқа дейін біздің планетамыздың Күнге сіңіп кету ықтималдығы жоғары.

Профессор Джон Видейл бұл зерттеу Жер ядросының айналуын тоқтатуы мүмкін деген дүрбелең туғызбауы тиіс екенін атап өтті.

«Біз бұл процестерді толық түсінеміз деп айта алмаймыз. Ғылымда әрдайым жаңа жаңалықтар ашылып, кейбір гипотезалар теріске шығарылып жатады», – дейді ғалым.

Оның айтуынша, зерттеу нәтижелері адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер етпейді, бірақ Жердің құрылымы мен магнит өрісі туралы тереңірек түсінуге көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыз