
Бурак Озчивит 22 наурызда Қазақстанға келетінін хабарлады. Әлемге мәшһүр түрік актері, модель әрі продюсер Алматы қаласында фанаттарымен кездеспек.
Бурак қайда келеді?
«22 наурызда Қазақстанға келемін. Алматы аренада сіздермен бірге боламын. Бүкіл Қазақстанға сүйіспеншілігімді жолдаймын», – деді түрік әртісі.
22 наурызда Алматы аренада одан бөлек, Түркияның, Ресейдің және Қазақстанның жұлдыздары өнер көрсетеді. Атап айтқанда, Sadraddin, Алексей Чумаков, Мустафа Сандал, Роза Зергерли ән шырқамақ.
Тunda Music қазақстандықтардың сүйікті телехикаяларының саундтректерін орындайды.
Түрік әртісі қандай сериалдарда ойнады?
Бурак Озчивит түрік сериалдары арқылы әлемдік танымалдылыққа ие болды. Әсіресе, тарихи және романтикалық драмалардағы рөлдері арқылы көрермендердің көз айымына айналды. «Келін» (Çalıkuşu, 2013-2014) сериалында ол Ферхунд рөлін сомдады. «Қара сүйек» (Kara Sevda, 2015-2017) сериалында Бурак Кемаль есімді қарапайым, жігерлі жігітті ойнады.
Қандай сериалдар әлемге танымал етті?
Оны бүкіл әлемге танытқан «Ғажайып ғасыр» (Muhteşem Yüzyıl, 2011-2014) тарихи сериалы болды. Осман империясының ең гүлденген кезеңі туралы телехикаяда Сұлтан Сүлейманның үзеңгілесі Малкочоғлу Бали-бей рөлін сомдады.
Сонымен қатар, «Османның өрлеуі» (Kuruluş: Osman, 2019 жылдан бері) – Түркияның ең үлкен тарихи жобаларының бірі. Онда Бурак Озчивит Осман Ғази рөлінде ойнады. Бұл рөл оның Түркияда, жалпы, бүкіл әлемде фанаттарының санын артыра түсті.
Жеке өмірі
Бурак Озчивит – үйлі-баранды адам. 2017 жылы түріктің ең сұлу аруларының бірі, актриса Фахрие Эвдженге үйленген. Қазіргі таңда бұл отбасының бір ұлы бар.
Бурак Озчивиттің Instagram-дағы оқырмандарының саны ондаған миллионға жетеді. Сән индустриясында да орны бар. Өзінің киім брендін шығарған.
Мұның алдында түріктің танымал сериалы – «Ғажайып ғасырда» Сүлейман сұлтанның рөлінде ойнаған актер Халит Ергенчтің «жалған куәлік берді» деген айыппен тергеуге алынғаны туралы жазғанбыз.