
Америкалық Microsoft корпорациясы Skype мессенджерін 2025 жылдың мамырында түпкіліпті жабу жөнінде шешім қабылдады. Тұтынушыларға оның орнына Teams-ті қолдануды ұсынды.
Код фрагментіндегі құнды мәлімет
Мессенджер көктемнің соңғы айында жабылатыны туралы мәліметті XDA порталы жариялады. Басылым осындай ақпаратты тарату кезінде мессенджердің соңғы нұсқасындағы код фрагментіне сүйенген. Онда былай деп жазылған:
«Мамыр айынан бастап Skype жұмыс істемейді. Teams-пен қоңырау шалып, әңгімелесе беріңіздер».
Содан кейін қолданушылардың дені «[Microsoft] Teams-ке тегін өткені» жөнінде түсіндірме берілген.
Ғұмыры 22 жылға созылған Skype
Мессенджерді эстон мамандары әзірледі. Оларға Янус Фриис, Никлас Зеннстрем сынды кәсіпкерлер қолдау көрсетті. Мессенджер 2003 жылы іске қосылды. Кейін сервис бірнеше қолға өтіп, ақыры 2011 жылы Microsoft сатып алды.
Мессенджерді жабудың алғашқы қадамдары 2019 жылы басталды. Сол кезде Microsoft оның бизнеске арналған қызметі тоқтатағанын жариялаған.
Microsoft өзінің Teams қызметін 2017 жылы іске қосқан.
Skype-ты қолданушылар саны коронавирус індеті кезінде азая бастаған. Бұл уақытта көпшілік Zoom қызметін пайдалануға көшкен.
Microsoft Skypе-ты сатып алған уақытта оны жүздеген миллион адам қолданатын. Ал 2023 жылы мессенджер қызметін бар болғаны 36 млн адам қолданған.