Тоқаевтың президенттігі кезеңінде Қазақстан экономикасы қалай өзгерді

Бірінші мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен өкілеттігін тоқтатқан соң, 2019 жылдың наурызында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті. 2019 жылдың маусымында Тоқаев президенттік сайлауда 70,96% дауыс жинап, жеңіске жетті. Оның президенттігіне биыл 5 жыл толды. Осы уақыт ішінде Қазақстан экономикасы қалай өзгерді?
Осы кезеңде Қазақстан экономикасы бір рет теріс көрсеткішке өтті. 2020 жылы ЖІӨ 2,5% төмендеді, себебі COVID-19 пандемиясын жеңу үшін көптеген елдерде (соның ішінде Қазақстанда) карантин шектеулер енгізілді. Бұл өз кезегінде экономикалық белсенділікке теріс әсер етті. Қалған жылдары экономика орташа есеппен 4,4%-ға өсті.
Тоқаевқа бұл аздық етті: 2023 жылы ол 2029 жылға қарай ЖІӨ-нің екі есеге артуын мақсат етіп қойды, сонда экономика орташа алғанда 6% өсіп отыруы тиіс.
2019 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстан экономикасының көлемі доллармен есептегенде 1,6 есе өсті: 181,7 млрд доллардан 288,1 млрд долларға дейін. Осы кезеңде адам басына шаққандағы ЖІӨ едәуір өсті – 9,8 мың доллардан 14,3 мың долларға (номиналды көрсеткіште) артты.
Жалпы ішкі өнімнің өсуімен қатар, экономиканың күрделенуінің жеткіліксіздігіне байланысты мәселелер байқалды. Жалпы ішкі өнім құрылымында соңғы төрт жылда тауар өндірісінің үлесі тұрақты түрде азайып, 2024 жыл қорытындысы бойынша 35,3%-ды құрады (2021 жылы шыңы 40,4% болған). Осы кезеңде қызмет көрсету секторының үлесі дәл солай өсті: 53,8%-дан 58,3%-ға дейін.
Мәселе мынада, еңбек өнімділігі тарихи түрде нақты секторда қызмет көрсету секторына қарағанда тезірек өседі. 2024 жылғы қорытынды бойынша еңбек өнімділігінің жинақталған динамикасы (базалық жыл ретінде 2019 жыл алынған) қызмет көрсету секторында – 0,5%, ал тауар өндірісінде әлдеқайда жоғары – 26,5% болды.
Экономикадағы тағы бір теріс үрдіс – инвестициялық белсенділіктің әлсіреуі. Егер 2019 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 12,6 трлн теңге, яғни ЖІӨ-нің 18,1%-ын құраған болса, 2024 жылы құрылымдық көрсеткіш 14,3%-ға дейін төмендеді (негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 19,4 трлн теңге). Сондықтан Президент Тоқаев соңғы бірнеше сөзінде үкіметтің де, жеке бизнес өкілдерінің де ұлттық экономикаға инвестиция салуға қажеттілігіне назар аударады.
Халықаралық талдау ұйымдар (әсіресе, Дүниежүзілік банк) соңғы жылдары Қазақстан экономикасының өсуі көбінесе мемлекеттік шығынның артуы есебінен екенін еске салудан жалықпайды. Қазақстанның мемлекеттік қаржы жағдайы бұл пікірді толықтай растамаса да, жоққа шығаратындай дәлел аз.
Мемлекеттік бюджет кірістері 2019 жылы 12,8 трлн теңгеден 2024 жылы 27,1 трлн теңгеге дейін өсті, ЖІӨ-ге бұл көрсеткіш сәйкесінше 18,3% және 20,1%-ды құрады. Мемлекеттік бюджет шығыстары 13,5 трлн теңгеден 30,3 трлн теңгеге дейін артты, құрылымдық көрсеткіш те өсті – ЖІӨ-ге 19,5%-дан 22,4%-ға дейін.
Орташа алғанда мемлекеттік бюджет шығыстарының жартысы Ұлттық қордың қаражатымен қаржыландырылады, бұл оның активтерін азайтуда, бірақ әзірге бұл мәселеге айтарлықтай әсер етпейді.