
Қазақстанда 90 күн бойы төленбей, мерзімі өтіп кеткен проблемалық несие (NPL) көлемі 1,72 трлн теңгеден асты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) соңғы шолуына сәйкес, жыл басынан бері бұл көрсеткіш айтарлықтай өсіп, банктердегі несие қоржынының 3,97%-ын құрап отыр. 2025 жыл соңында бұл сома 1,57 трлн теңге (3,6%) болған еді.
Қазақстанда қанша банк бар
Банк секторындағы жалпы ахуалға көз жүгіртсек, 2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Қазақстанда 23 банк жұмыс істеп тұр.
Оның 14-і шетелдік капиталдың қатысуымен ашылса, біреуі толықтай мемлекетке тиесілі. Осы банктердің жиынтық активі жыл басынан бері сәл ғана (0,3%-ға) төмендеп, 70,5 трлн теңгені құрады.
Бұл қаржының басым бөлігі, яғни 61,5%-ы несие портфеліне тиесілі, оның көлемі қазіргі уақытта 43,4 трлн теңгеге тең.
Халықтың кредит көбейіп барады
Қазір банктердің несие беру бағыты айтарлықтай өзгерген. Мәселен, ірі кәсіпорындар мен заңды тұлғаларға берілген несие бірден 14,1%-ға қысқарып, 6,2 трлн теңгеге дейін азайды.
Керісінше, қарапайым халық алған қарыздың үлесі өсіп, 25 трлн теңгеден (жалпы портфельдің 57,8%-ы) асып жығылды.
Бұл ретте тұтынушылық несие көлемі 17 триллион теңгеге жетіп, бүкіл несиенің 39,2%-ын иеленіп отыр.
Сонымен қатар, шағын және орта бизнеске (ШОБ) қолдау көрсету де жандана түскен: бұл секторға берілген несие жыл басынан бері 6,2%-ға өсіп, 11,8 триллион теңгені құрады.
Қарызды уақытында қайтармайтындар көп
Алайда несие алушылардың көбеюімен бірге қарызды уақытылы қайтармау мәселесі де шиеленісе түсті. Тек 3 айдан асқан проблемалық несиелер ғана емес, жалпы мерзімі өткен барлық берешектердің көлемі 3,3 трлн теңгеге (несие қоржынының 7,6%-ы) жеткен.
Салыстырмалы түрде айтсақ, жыл басында бұл көрсеткіш 2,6 трлн теңге шамасында болатын.
Банктер мұндай тәуекелдердің алдын алу үшін арнайы резерв (провизия) жинақтауды қолға алды. Қазіргі уақытта ықтимал шығындарды жабуға арналған бұл қор көлемі 2,04 триллион теңгеге (жалпы несиенің 4,7%-ы) жетіп отыр.
Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, экономикаға берілген кредит көлемі 50,9 трлн теңгені құрады. Қазақстандықтар алған несиенің басым бөлігі күнкөріске жұмсалған.