
Қарағандыдағы Таугүл және Күнгей шағынаудандарын газдандыру жұмыстары аяқталды. Жоба аясында 201 шақырым газ құбыры тартылып, 4 газ реттеу пункті мен 44 шкафтық газ реттеу пункті орнатылды.
Нәтижесінде 4 940 жеке тұрғын үйді табиғи газға қосуға мүмкіндік туды. Бұдан бөлек, газ тарату желісіне бір мектеп, бес балабақша, екі медициналық мекеме және төрт спорт секциясын қосу жоспарланып отыр.
Жоба тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартып, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Жалпы биыл Энергетика министрлігі елді мекендерді газдандыру бойынша 40 жобаны жүзеге асырып жатыр. Соның нәтижесінде жыл соңына дейін тағы 36 мыңға жуық адам табиғи газға қол жеткізеді деп күтілуде.
Министрлік мәліметінше, жыл соңында Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,5 пайызға жетеді. Осылайша, 13,2 миллион азамат табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Тағы оқыңыз: Алматыдағы ЖЭО жыл соңына дейін газға көшіріледі