Канадалық композитор Стив Баракатт «Астана операда» өнер көрсетеді

Жарияланды 6 Наурыз 2025 09:45

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

GENERAL NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Канадалық композитор Стив Баракатт
Канадалық композитор Стив Баракатт/фото:Астана опера

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде «Астана операда» танымал канадалық композитор әрі пианист Стив Баракатт өнер көрсетеді.

Néoréalité концерті дирижер Элмар Бөрібаевтың жетекшілігімен «Астана опера» симфониялық оркестрі, балет труппасы мен балалар хорының қатысуымен өтеді.

Стив Баракатт – композитор, пианист әрі музыкалық продюсер. Ол ЮНИСЕФ-тің «Бесік жыры» гимнін, қала гимндерін, Квебек ұлттық орденінің гимнін жазған.

Пианист ретінде бес құрлықта 500-ден астам концертте өнер көрсеткен, ал оның музыкасы FIFA футболдан әлем чемпионаты және Формула-1 бас жүлдесі сынды ірі спорттық телетрансляцияларда шырқалған.

Баракатт Астанадағы концерті қарсаңында сұхбат беріп, әйелдердің қоғамдағы рөлі туралы пікір білдірді.

«Астана опера» сахнасында әлемдік турне атауына арқау болған Néoréalité, сондай-ақ «Көкке самғаймын», «Отан» туындылары, «Бесік жыры» (ЮНИСЕФ гимні) және Ad Vitam Aeternam симфониясынан бірнеше бөлім шырқалады», – дейді ол.

Композитор өзін эмоция, саяхат, ерекше тұлғалар жігерлендіретінін айтады.

«Музыка – сөзбен жеткізе алмайтын дүниелерді айтуға мүмкіндік беретін әмбебап тіл. Музыка арқылы әңгімелеу құдіретіне үнемі таңғаламын. Мағынасы терең туындылар шығарғанда уақытпен шектелмеген, адамдардың жүрегінде эмоциялық деңгейде орын алатын дүние жасауға талпынамын», – дейді Баракатт.

Айтуынша, Néoréalité әлемдік туры өзгерістерді қабылдауды, жеке және шығармашылық шекараны кеңейтуді білдіреді. «Музыкалық саяхат тыңдармандарды қандай да бір шектеулердің аясынан тыс армандауға және жаңа мүмкіндіктерді зерттеуге итермелейді», – дейді ол.

Концертті өткізуге халықаралық әйелдер күні арнайы таңдалған. Сөзінше, әйелдің келешек ұрпақты және тұтас қоғамды қалыптастырудағы рөлі өлшеусіз. Композитор бұл концерт музыканың әсемдігін және оның адамдарды біріктіре алатын қабілетін дәріптейтін, шабыттандыратын әрі рухты асқақтататын тәжірибеге айналсын деген тілегін де айтты. 

Сондай-ақ оқыңыз