Кибершабуыл: ҰҚК, банк қызметкері атын жамылған алаяқтар қаптады (видео)

Жарияланды 12 Наурыз 2025 14:18

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Алаяқтар қомақта ақша табу үшін түрлі айлаға барады / скриншот

64 жастағы Жаннат Айтбаева – кибершабуыл құрбаны. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ұлттық банктің қызметкері атын жамылған алаяқтар зейнеткердің 100 мың долларға жуық ақшасын жымқырған.

Хакерлер қармағына ілігу

Бұл 2024 жылғы күзде Алматы қаласында болған оқиға. 1 қазанда таңертең сағат 10 шамасында Жаннатқа белгісіз бір нөмірден телефон шалып, қалалық су арнасынан хабарласып тұрғанын, су есебін тексеру үшін 1414 нөмірінен түскен SMS-ті оқып беруін сұрайды. Арам ойы жоқ зейнеткер алаяқ сөзіне сеніп қалған. Хакерлер осы сәтте кезекті «қармаққа ілген».

«Алаяқтар осы кодтың көмегімен egov-қа кіріп, жеке мәліметтерінің бәрін біліп алған. Содан кейін ҰҚК, Ұлттық банк секілді мемлекеттік мекемелер атынан хабарласа бастаған», – дейді жәбірленушінің ұлы Ербол Айтбаев Kursiv.Media тілшісіне.

Түрлі рөлдерді сомдауға бейімделген алаяқтар банк қауіпсіздігі қызметі атынан хабарласып, арнайы операция жүріп жатқанын айтады. Содан кейін құқық қорғау қызметкерлері атын жамылғандар байланысқа шығады.

Алаяқтар түрлі құжатты қолдан жасап, әртүрлі образға оңай ене алады / скриншот

Театрландырылған көрініс – сенімге кіру әдісі

Өзін ҰҚК қызметкері Буренков деп таныстырған алаяқ осы іске қатысты қылмыстық іс қозғалатынын айтып, Ұлттық банк «қызметкері» Владислав Сергеевич Петров хабарласатынын ескерткен.

Алаяқтардың Қазақстан азаматтарын алдауға тыңғылықты дайындалғанын байқауға болады: кеңсеге ұқсас бөлме төріне президент суреті ілінген; оның үстіне алаяқ құқық қорғау органы қызметкерінің жалған құжатын көрсеткен.

Зейнеткерді алдау қосылған ҰБ «қызметкері» Владислав Сергеевич Петров отырған бөлмеден президент суретін байқуға болады. Тағы бір жағында Қазақстан туы көрініп тұр.

Алаяқтар президент суретін, мемлекет туын сенімге кіру үшін пайдаланған / скриншот

Алаяқтар осының бәрін азаматтардың сеніміне әбден кіру мақсатында қолданған. Осындай жалған көрініске иланған Айтбаева да хакерлердің айтқанын істеген.

Алаяқтар ешкімге айтпа деп қорқытқан

Әлгі Петров қылмыстық іс қозғалғанын тағы қайталап, іс материалдарын жариялауға болмайтынын қатаң ескерткен. Тіпті ең жақын туыстарға да айтуға болмайды, әйтпесе Жаннаттың өзі қылмыстық жауапқа тартылады! Алаяқтар зейнеткерді осылай алдаған.

«Қатты қорқып қалғаны сонша, ең жақын туысы – маған да ештеңе айтпады. Одан кейінгі күндері де ештеңе білмедім. Шені жоғарылардың хабарласуы үрейлендіреді. Ондаған жыл бойы тірнектеп жинаған ақшасын жоғалтудан да қорқады. Ол толығымен алаяқтардың ықпалына түсіп қалған», – дейді жәбірленушінің ұлы.

Осылайша алаяқтар қауіпсіз жерге ауыстырып жатырмыз деген желеумен Айтбаеваның шотындағы ақшаның бәрін шешіп алған.

«Анамнан банктердің мобильді қосымшаларын ашып көрсетуді талап еткен. Қай жерде қандай карта, қанша ақша жатқанының бәрін біліп алған. Содан кейін алаяқтар ақша шешіп ала бастаған. Бірінші күні 18-ге жуық қаржы операциясы жасалған. Анам олардың бәрінен хабарсыз қалған. Бірінші күні алаяқтар 10 мың доллардан аса ақша шешіп үлгерген», – дейді Ербол Айтбаев.

Ұрланған қаражаттың бәрі «дропперлер» көмегімен шетелдегі шоттарға аударылып отырған. Дроппер – алаяққа ақша шығаруға көмектесетін адам. Алаяқтар арам пиғылын жүзеге асыру үшін көбіне жастарды, студенттерді пайдаланады.

Алаяқтар 49 млн теңге жымқырды

Зейнеткер сеніміне әбден кіріп алған хакерлер одан кейінгі сегіз күн бойы Айтбаеваны түрлі банк бөлімшелеріне баруға мәжбүрлеп, депозиттердегі 44 млн теңгенің бәрін сыпырып алған. Шоттардағы ақша таусылған уақытта екі банктен 5 млн теңге несие алдырған. Олар бұнымен де тоқтамаған.

«Олар анама: «Сіздің несие лимитіңіз түгесілген жоқ, бірақ банктер ақша бермейді. Сіз талаптарымызды орындамадыңыз. Енді қарыз алып, бізге жолдаңыз» деген. Дәл осы сәтте ғана есін жиған анам маған хабарласты.

Үйге келсем, анам еденде жатыр. Бәрі бітті дейді. Терезеге қарай ұмтылады. Әзер дегенде полицияға хабарладық», – дейді жәбірленушінің ұлы.

Алаяқтар күнде түрлі әдістермен миллиондаған ақша жымқырады. Хакерлер қармағына кез келген адам ілігіп қалуы мүмкін. Себебі кибералаяқтар да жаңа әдістерді меңгеріп, одан сайын айлакер болып барады.

Кибершабуыл туралы толығырақ Kursiv.Media-ның YouTube-арнасынан көріңіз.

Сондай-ақ оқыңыз