Бектеновтің сынына ұшыраған BI Group пен BAZIS бюджетке қосымша салық төледі

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің сынына іліккен қос құрылыс компаниясы – BI Group пен BAZIS қазынаға қосымша салық төлеген. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, салық салынатын кірісін төмендетіп көрсеткен компаниялар бюджетке жалпы сомасы 17 млрд теңге құйған.
Министрліктің мәліметінше, 633 салық төлеушіге салық төлеу туралы хабарлама жіберген. Соның ішінде 172-і – құрылыс, 102 сауда және басқа да қызмет түрлерімен айналысатын компания бар.
«Бұдан бөлек, бірқатар ірі құрылыс компаниялары қаржылық ағындардың ашықтығы мен құрылыс саласындағы көлеңкелі схемаларды жою үшін цифрлық шешімдерді әзірлеуге және қаржыландыруға бастама білдірді», – делінген хабарламада.
Премьер-министр Олжас Бектенов оларға салықты толық төлеуге екі апта уақыт беріп, талап орындалмаған жағдайда «соңы қиын болатынын» ескерткен болатын.
Ал Қаржы министрлігі аталмыш құрылыс компаниялары салық төленетін кірісін 16 млрд теңгеге кем көрсетті деп мәлімдеді. Bazis компаниясы 4,6 млрд теңге кірісіне салық төлемесе, BI Group 11,9 млрд теңге табысына есеп тапсырмаған көрінеді.
BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев 11,9 млрд теңге деген соманы дұрыс түсінбей жатыр деп мәлімдеді.
«Бұл – төленбеген салық емес, BI-мен жұмыс істейтін шағын компаниялардың жалпы айналымы. Осы айналымнан салық төленуі керек еді, бірақ ол мүлде басқа сома«, – деп жазды ол.
2022-2024 жылдар аралығында BI Group бюджетке 155 млрд теңге салық төлеген.