Қазақстан нарығына тағы бір жаңа қытайлық автокөлік келеді

Жарияланды 13 Наурыз 2025 12:17

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Жаңа қытайлық көлік бренді – Lynk & Co-ның сатылымы 2025 жылы басталады / Фото: lynkco-sa.com

2025 жылы Қазақстан автонарығы тағы бір қытайлық брендпен толығады. Geely мен Zeekr компанияларымен байланысты Lynk & Co маркасы елімізде ресми түрде сатылымға шығарылады. Алғашқы кезеңде автосалондарда екі модель ұсынылады. Олар Lynk & Co 03 седаны және Lynk & Co 09 кроссовері. Аталған модельдерге жеке тоқталсақ.

Қуатты турбоқозғалтқышы бар стильді седан

Біріншісі Lynk & Co 03 – CMA платформасына негізделген төрт есікті седан. Оның ұзындығы 4684 мм. Бұл ретте автоның дөңгелек базасы 2730 мм. Сыртқы көрінісі Zeekr 001 электромобиліне ұқсас, алайда бұл модель дәстүрлі іштен жанатын жанармайқа негізделген қозғалтқышпен жабдықталған.

Көлікке 2 литрлік турбоқозғалтқыш орнатылған. Оның экспорттық нұсқасының ат күші 218-ге тең. Қозғалтқыш 7 сатылы роботтандырылған автоматпен жұмыс істейді және тарту күші алдыңғы дөңгелектерге беріледі.

Седанның салонында заманауи технологиялар қолданылады. Мәселен, 12.3 дюймдік цифрлық аспаптар панелі және 12.8 дюймдік мультимедиалық экран орнатылған. Сондай-ақ, көлік жетілдірілген қауіпсіздік жүйелерімен және жүргізушіге арналған электронды көмекшілермен жабдықталған.

Volvo XC90 платформасындағы кроссовер

Екіншісі Lynk & Co 09 – Volvo XC90 моделінің платформасы негізінде жасалған үлкен кроссовер. Оның ұзындығы 5042 мм, ал дөңгелек базасы 2984 мм.

Көлік гибридті күштік қондырғы негізінде жұмыс істейді. Ол 48 вольттық стартер-генераторды және 2 литрлік турбомоторды (254 а.к., 350 Нм) біріктіреді. Трансмиссиясы сегіз сатылы автоматы және толық жетекті жүйемен жабдықталған.

Автокөлік салонында 12.3 дюймдік цифрлық аспаптар панелі және 12 дюймдік мультимедиалық экран бар. Климат-бақылауды басқару үшін бөлек сенсорлы дисплей орнатылған. Сонымен қатар, көлік сымсыз зарядтау, жылытылатын және желдетілетін орындықтар, жүргізушіге арналған көмекші жүйелердің толық пакеті сияқты ыңғайлы опциялармен жабдықталған.

Сатылым қашан басталады және қай қалаларда ашылады?

Lynk & Co ресми түрде 2025 жылдың екінші тоқсанында Қазақстан нарығына шығады. Алғашқы автосалондар Алматы, Астана және Шымкент қалаларында ашылады.

Қазақстан нарығына арналған нақты жиынтықтар мен бағалар сатылым басталғанға дейін белгілі болады.

Lynk & Co – 2017 жылы Geely және Volvo негізін қалаған премиум автокөлік бренді. 2025 жылдың басында компания Geely холдингіне тиесілі Zeekr Technology құрамына кірді. Қазіргі уақытта оның Қытайдағы желісі тоғыз модельді қамтиды. Енді бұл бренд Қазақстан нарығына да келеді.

Еске сала кетсек, Toyota Қытай нарығына ең арзан электромобилін шығарған еді. Биылғы жылдың қаңтарында әлемде 6,7 млн автомобиль сатылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз