2024 жылы «ҚазТрансОйл» 41 млрд теңге пайда тапты

«ҚазТрансОйл» (КТО) акционерлік қоғамының былтырғы таза пайдасы 41 млрд 577,97 млн теңге болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 26,6%-ға көп.
17 наурызда «ҚазМұнайГазға» еншілес «ҚазТрансОйл» 2024 жылдың қорытынды есебін жариялады.
Былтыр ҚТО-ның шоғырландырылған түсім көлемі 311 млрд 900,1 млн теңге болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7,4%-ға жоғары. Бұған қоса, компанияның жеке түсімі 258 млрд 660,6 млн теңге болды (2023 жылға қарағанда 7,3% артық).
«ҚазТрансОйл» былтыр мемлекеттік бюджетке 41,3 млрд теңгені салық және басқа төлемдер түрінде төлеген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3%-ға артық.
ҚТО 2024 жылы 44,887 млн тонна мұнай тасыған. Компания құрлықта 5,3 мың км, ал суда 2,3 мың км созылып жатқан мұнай құбыры желісіне ие.
«ҚазТранОйл» акцияларының 90%-ы «ҚазМұнайГазға», ал қалған 10%-ы миноритарлық акционерлерге тиесілі.
Қазақстан қор биржасының (KASE) 17 наурыздағы мәліметінше, KZTO-ның бір акциясы 806 теңге (+0,62%) тұрады. Компания акцияларының 10%-ын 2012 жылдың аяғында «халық IPO» бағдарламасы аясында биржаға шығарған. Сол кезде оның әр акциясы 725 теңге деп бағаланған.