Бизнесмен Қайрат Итемгеновке қатысы бар ресейлік компания ірі дүние-мүлкін сатпақ

Ресейлік Globaltrans Investment PLC компаниясы өзіне тиесілі теміржол активтерін 766,7 млн долларға сататынын хабарлады. Бұл шешім 3 сәуірге жоспарланған акционерлердің жалпы жиналысында қарастырылатын болады.
Сатылымға қандай активтер шығарылды?
Globaltrans 5 еншілес компаниясын сатуды жоспарлап отыр. «БалтТрансСервис» компаниясын 247 млн долларға бағаласа, «ГТИ Менеджменттің» құны – 136,3 млн доллар Одан бөлек, «Новая перевозочная компаниясын» 260,3 млн долларға сатып,«Уральская Вагоноремонтная Компанияны» 8,6 млн долларға өткізуді жоспарлап отыр. Ал Adaptive Capital Ltd акцияларын 1 долларға бағалаған
Сонымен қатар компания 94 млн және 19,4 млн доллар көлеміндегі екі несие келісімі бойынша құқықтарын да сатпақ. Жалпы келісім құны 766,7 млн долларды құрайды. Бұл сома сатылым аяқталғаннан кейін 90 күн ішінде толық төленуі тиіс.
Бұл активтерді кім сатып алады
Аталған активтерді «КСП Капитал Управление Активами» компаниясы сатып алады. Ол – «Трансатлант» жабық инвестициялық пай қорының басқарушысы.
Globaltrans – ТМД нарығындағы ең ірі жүк тасымалы операторларының бірі. Компанияның басқаруында 66 мың жүк вагоны бар, оның ішінде 62 мыңы – өз меншігінде.
2024 жылдың басында Globaltrans Кипрден Абу-Дабидің арнайы экономикалық аймағы Abu Dhabi Global Market аумағына көшті. Бұл аймақ Қазақстандағы АХҚО-ға (Астана халықаралық қаржы орталығы) балама болып саналады.
Сондай-ақ компания 2024 жылдың қазанында Астана халықаралық биржасында (AIX) листингтен өтіп, 23 қазанда жаһандық депозитарлық қолхаттарымен (GDR) сауда-саттық басталды.
Globaltrans-тың негізгі акционерлері Aqniet Capital LLP – 26,7% (иегері – қазақстандық бизнесмен Қайрат Итемгенов) пен Marigold Investments Ltd – 11,5% (бенефициары – Globaltrans негізін қалаушы Андрей Филатов).
Қазақстандық бизнесмен Қайрат Итемгенов 2024 жылы Қазақстанның ең бай 50 бизнесмені тізімінде 18-орынға ие болды. Оның дәулеті 518 млн доллар деп бағаланған.