Еркебұлан Тоқтар алты айға ММА-дан шеттетілді

Жарияланды 26 Наурыз 2025 15:35

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Еркебұлан Тоқтар мен Одилхон Камолов екі жекпе-жектен кейін итжығыс түсіп тұр/скрин
Еркебұлан Тоқтар мен Одилхон Камолов екі жекпе-жектен кейін итжығыс түсіп тұр/скрин

Әйгілі актер әрі ережесіз жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар  алты айға ММА-дан шеттетілді. OCTAGON лигасы осындай шешім шығарды.

Vesti.kz  ақпаратына қарағанда, бұған оның қоғамдық тәртіп пен келісімшарт ережесін бұзғаны түрткі болып отыр.

Оқиға қалай болды?

Бұдан бірнеше күн бұрын Алматыда Еркебұлан Тоқтар мен оның өзбекстандық қарсыласы Одилхон Камоловпен көшеде төбескен еді. Қырғи-қабақ спортшылар сөзге келіп қалып, Тоқтар Одилханның бетінен шапалақпен бір тартып қалған еді. Төбелес басталған кезде күзетшілер араға түсіп, әзер ажыратып алған-ды.

Бұл қос жауынгердің ел назарын бұру үшін жоспарлаған әрекеті екені белгілі болды. Бұған қарамастан OCTAGON лигасы екеуін де алты айға шеттетуді ұйғарып отыр.

«Анықтау барысында, жауынгерлер жекпе-жекті кең тарату үшін әдейі осындай оқиға ұйымдастырғаны анықталып отыр. Бірақ басшылық пен OCTAGON лигасы өкілдеріне бұл туралы ескертпеген», – дейді лига өкілдері.

Сонымен қатар лига басшылығы қос спортшының әрекетін сынға алды. Олардың пікірінше, мұндай әрекет OCTAGON-ның кәсібилігіне көлеңке түсіреді.

Желідегі жанжал

Дейтұрғанмен, екі елдің жауынгерлерінің көшедегі төбелесі әлеуметтік желіде дүрбелең тудырды. Әсіресе, өзбекстандықтар қазақстандық спортшының Қазақстанға қонаққа келген жерлесіне құрмет көрсетпей, ұрғанына қатты наразылық білдіріп жатыр. Еркебұлан Тоқтар бұған жауап ретінде: «Бұл екі спортшының арасындағы кикілжің, бұдан бауырлас өзбек пен қазақтың арасына сына қағылмайды», – деп пікір білдірген еді.

Десе де, Тоқтар мен Камоловтың фанаттары арасында бір-біріне тіл тигізгендер көбейді.

Айта кететін жайт, Еркебұлан Тоқтар мен Одилхон Камолов екі жекпе-жектен кейін итжығыс түсіп тұр. 2022 жылы Одилхан үшінші раундта қолды ауырту әдісімен жеңіске жетсе, өткен наурызда Еркебұлан Тоқтар төрешілердің дауысымен ұтқан еді.

Мұның алдында Еркебұлан Тоқтардың 22 миллион теңгеге сатып алған көлігіне 17 млн теңге жұмсап, жабдықтағаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз