Қазақстанның сыртқы борышы 2024 жылы 1,1 млрд долларға өсті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк статистикасына сәйкес, 2024 жылы Қазақстанның сыртқы қарызы 1,1 млрд долларға өскен. Ресми дерек бойынша, елдің жалпы сыртқы борышы 164,7 млрд долларды құрайды.

Былтыр сыртқы қарыз жалпы 3,9 млрд долларға артқан. Оған сыртқы борыш төлем балансы бойынша операциялар себеп. Алайда валюта бағамдарының ауытқуы мен басқа да өзгерістер бұл өсімді 2,8 млрд долларға қысқартқан. Нәтижесінде нақты өсім 1,1 млрд долларды құрайды.

Мемлекеттің сыртқы қарызы қанша

165 млрд долларға жуық қарыздың бәрі мемлекеттің алған борышы емес. Тек 15,2 млрд доллары – ел үкіметі алған мемлекеттік сыртқы борыш. 2024 жылдың IV тоқсанында бұл қарыз 13,9 млрд доллардан 15,2 млрд долларға жеткен.

Сыртқы борыштың негізі бөлігі – жеке сектордың сыртқы қарызы. Ол 132,6 млр долларды құрайды. Жалпы жыл соңында ірі компаниялардың шетелден алған қарызы 3,1 млрд долларға қысқарған. 2024 жылдың қазанында 135,7 млрд долларды құраған борыш 2025 жылдың басында 132,6 млрд долларға дейін азайды.

Одан бөлек 16,9 млрд доллар көлеміндегі сыртқы борыш – мемлекет бақылауындағы банктер мен кәсіпорындардың қарызы. Бір тоқсанда ол 0,2 млрд долларға өскен.

Жалпы сыртқы қарыздың 88,1%-ы — ұзақ мерзімді (бір жылдан астам уақыт ішінде өтелетін) міндеттемелер. Ал шетелдік кредиторлардан тартылған несиелер мен қарыздар бүкіл қарыздың 74,2%-ын құрайды. Шетелдік инвесторлардың қолындағы борыштық бағалы қағаздардың үлесі – 8,9%.

Қазір Қазақстандағы бюджет дағдарысы мемлекеттік қарыздың өсуімен тұспа-тұс келіп тұр. Бұл Қазақстанның борыш нарығындағы тәуекелін арттырып, алатын қарызды тым қымбат етуі мүмкін. Halyk Finance сарапшыларының айтуынша, осылай кете берсе ел нетто-кредитор мәртебесін жоғалтуы ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз