Қазақстандағы турист көп келетін ТОП-5 өңір белгілі болды

Жарияланды 15 Сәуір 2025 15:14

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Қазақстандағы ең танымал курорттық аймақ қандай? / Фото: kursiv.media архиві

2024 жылы еліміздегі қонақ үйлер мен басқа да орналастыру орындарының қызметін 9,1 миллионнан астам турист пайдаланған. Осылайша көрсетілген қызмет көлемі 300 млрд теңгеге жеткен. Туризм индустриясы комитеті туристер көп баратын бес өңірді атады. 

1-орын. Туристер арасында ең танымал аймақ Алматы қаласы болып отыр. Қаланың инфрақұрылымы, тау шаңғы курорттары, қолайлы климаты мен табиғаттың әсем үйлесімі мегаполиске 2,3 миллион қонақты тартқан.

2-орын. Елорда да туризм әлеуеті жылдан жылға артып келеді.  Астанада көбіне іскерлік және іс-шаралар (мәдени және басқа да шаралар)  туризмі жақсы дамып жатыр.  2024 жылы қалаға 1,5 млн турист келген.

3-орын. Ең танымал  курорттардың үштігін Бурабай өлкесі түйіндейді. Мұндағы көркем табиғатты тамашалауға былтыр  533 мың турист келген.  Бүгінде  Ақмола облысы ішкі туризм пен экотуризмнің ірі орталығы саналады.

 4-орын. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Шымкентке 508 мың турист саяхаттаған. Шырайлы шаһар еліміздің тұрақты туристік орталықтарының қатарына еніп отыр.

5-орын.  Алматы облысы да ішкі туризм бағытында сұранысқа ие өңірдің бірі. Аймаққа өткен жылы 507,5 мың саяхатшы келген.

Айта кетейік, Қазақстанға келетін шетелдік туристер орташа есеппен үш-төрт күн ішінде 1,5 мың доллар (шамамен 787 мың теңге) шамасында ақша жұмсайды. Өткен жылы Қазақстанға 15 миллионнан астам шетел азаматы келген. 

Сондай-ақ оқыңыз