Қазақстандағы ең арзан Chevrolet: бағасы тиімді көліктерге шолу

Жарияланды 16 Сәуір 2025 08:09

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Ең арзан Chevrolet несімен ерекшеленеді? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда көлік бағасы шарықтап тұрған уақытта, сенімді әрі жанармай үнемдеуге ыңғайлы көлік табу көп жүргізушілер үшін өзекті мәселе. Бұл жағынан Chevrolet автолары сапа мен шығынды үйлестіретін шешім деуге болады. Өзбекстанда құрастырылатын Chevrolet модельдері Қазақстанға салыстырмалы түрде арзан әрі жылдам жеткізіледі. Бұл ретте Kursiv.Media тілшісі Қазақстан нарығындағы ең арзан әрі танымал Chevrolet модельдерін қарастырып, оларды салыстырып көрді.

Қазақстан нарығында ұсынылып жатқан арзан модельдер ішінде ең танымал төрт көлік — Spark, Nexia, Cobalt және Damas. Бұлардың барлығы Өзбекстанда құрастырылады және өздерінің бағасы мен сипаттамаларына қарай түрлі мақсаттағы тұтынушыларға арналған.

Қалаға таптырмас көлік

Spark — кішкентай, ыңғайлы, қалада жүруге өте қолайлы көлік. Көлемі шағын болғанымен, салоны жеткілікті, отынды үнемдейді, тұраққа қою оңай.

Артықшылықтары:

  • Үнемді (5,5 л/100 км) – қозғалтқыш көлемі: 1.25 литр
  • Бағасы: шамамен 5,5 млн теңге
  • Автоматты және механикалық нұсқалар бар
  • Жеңіл жөнделеді, бөлшектері арзан

Кемшіліктері:

  • Багажы шағын
  • Қауіпсіздік деңгейі орташа

Сенімді әрі арзан седан

Nexia — қарапайымдылығы мен сенімділігімен көзге түсетін көлік. Бұл модель көбінесе такси қызметіне және ауылдық жерлерге қолайлы.

Артықшылықтары:

  • Қарапайым, техникалық қызмет көрсету арзан
  • Салоны кең
  • Қосалқы бөлшектер арзан
  • Қозғалтқыш көлемі: 1.5 литр
  • Бағасы: шамамен 5,8 млн теңге

Кемшіліктері:

  • Ішінің дизайны ескілеу
  • Жаңа технологиялар аз

Кең әрі тұрақты көлік

Cobalt — ұзақ сапарға, отбасыға және қызметтік мақсаттарға өте қолайлы көлік. Қазақстанда үлкен сұранысқа ие.

Артықшылықтары:

  • Қозғалтқыш көлемі: 1.5 литр
  • Бағасы: шамамен 6,8 млн теңге
  • Багажнигі үлкен (545 л)
  • Жүрісі сенімді
  • Қазақстан жолдарына бейімделген

Кемшіліктері:

  • Интерьері қарапайым
  • Тауға қарай қозғалтқыш көлеміне сай тартысы ауырлау

Шағын бизнеске арналған көлік

Damas — коммерциялық мақсатқа арналған шағын іші кең көлік. Ол шағын дүкен, курьерлік қызмет және ауылдағы тасымал үшін тиімді.

Артықшылықтары:

  • Қозғалтқыш көлемі: 0.8 литр, соған сай жанармай шығыны аз
  • Бағасы: шамамен 6,2 млн теңге
  • Шағын болса да 7 орындық
  • Шағын бизнеске тиімді
  • Кемшіліктері:
  • Қауіпсіздігі төмен
  • Қуаты аз, ұзақ жолға арналмаған

Осы модельдердің барлығы Өзбекстанда құрастырылатындықтан, қосалқы бөлшектер мен сервистік қызмет те салыстырмалы түрде арзан.

Басқа брендтермен салыстырып көрейік

Қазақстан нарығындағы бағасы тиімді көліктердің бірі Chevrolet Spark саналады. Алайда бұл сегментте өзге де танымал модельдер бар. Мысалы, Kia Picanto, Lada Granta. Енді осы модельдерді Spark-пен салыстырып көрейік.

1. Chevrolet Spark пен Kia Picanto

Бағасы: Spark – шамамен 5,5 млн теңге, Picanto – 7 млн теңге. Артықшылығы: Spark әлдеқайда арзан, отынды жақсы үнемдейді. Кемшілігі: Picanto-да қауіпсіздік жүйесі заманауи, салоны ыңғайлырақ. Қорытынды: егер сізге үнемділік пен баға маңызды болса — Spark, ал дизайн мен қауіпсіздік басым болса — Picanto таңдаған абзал.

2. Chevrolet Spark немесе Lada Granta

Бағасы: Spark – 5,5 млн теңге, Granta – 6,5 млн теңге. Артықшылығы: Spark үнемді, жаңа модель, сапасы тұрақты. Кемшілігі: Granta-ның қосалқы бөлшектері өте арзан, жөндеу жеңіл. Қауіп: Granta жиі сынуы мүмкін, отын шығыны көбірек. Қорытынды: Spark — тұрақты әрі үнемді көлік, Granta — арзан жөнделетін, бірақ жиі күтімді қажет модель.

Chevrolet Spark — бюджеттік сегментте ең тиімді таңдау, әсіресе алғашқы көлік алушылар үшін. Бұл ретте қауіпсіздік пен интерьер сапасына көбірек мән беретіндерге Kia балама ретінде қарастырылуы мүмкін. Ал Granta – арзан, бірақ көп күтімді талап ететін нұсқа. Chevrolet модельдері — бағасы мен сапасының арақатынасы бойынша қолайл.

Көлік аларда нені ескеру керек?

Chevrolet таңдағанда мына факторларды ескерген абзал:

  •  Қайда жүресіз: қалада ма, трассада ма, ауылда ма?
  •  Қаншалықты жанармай үнемдегіңіз келеді?
  •  Техникалық қызмет бағасы қаншалықты тиімді?
  •  Көлікті тек өзіңізге аласыз ба, әлде отбасымен жүру үшін бе?

Мысалы, Spark — қалаға, Nexia — әмбебап көлік, ал Cobalt — отбасы мен кәсіпке жарайды.

Қазақстан нарығында бұдан басқа аталған брендтің Onix және Tracker модельдер бар.Бұл — қазіргі заманғы қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған, бағасы салыстырмалы түрде арзан жаңа буындағы көліктер. Onix — қолжетімді седан болса, Tracker — бюджеттік кроссовер.

Егер сіз алғаш рет көлік іздеп жүрсеңіз немесе отбасылық және қызметтік көлік қажет болса, Spark, Nexia, Cobalt, Damas модельдері назарыңызға лайық болып қалар. Ал тау-тасқа шығып, саяхаттап немесе өңіраралық трассаларда желдей жүйіткіңіз келсе, әлбетте бұл модельдер оған сай келмейді. Оларда қауіпсіздік жүйелері, заманауи технологиялар секілді дүниелер қарастырылмаған. Бұл көліктер алғашқы көлік ретінде немесе түрлі қызметтік мақсатта тиімді болғанымен, талапшыл жүргізушілер үшін шектеулер тудыруы мүмкін.

Арзан көліктердің әлсіз тұстары – қауіпсіздік

Chevrolet-тің Қазақстан нарығындағы ең қолжетімді модельдері – Spark, Nexia, Cobalt және Damas қауіпсіздік жағынан көп сұрақ туғызады. Бұл көліктердің көпшілігі бюджеттік сегментке жататындықтан, оларда заманауи қорғаныс жүйелері жоқтың қасы, краш-тест көрсеткіштері төмен.

Spark – бұл модельде әдетте жүргізуші мен алдыңғы жолаушыға арналған екі қауіпсіздік жастығы бар. ABS жүйесі бар болғанымен, электронды тұрақтылық жүйесі (ESC) барлық нұсқада қарастырылмаған. Spark – қала ішінде жүруге арналған жеңіл көлік болғандықтан, оның қауіпсіздік деңгейі де осы мақсатқа сай.

Nexia – сыртқы көрінісі мен бағасы тиімді болғанымен, қауіпсіздік тұрғысынан осал. Кейбір нұсқаларында қауіпсіздік жастықтары мүлде жоқ немесе тек біреуі ғана орнатылған. ESC жүйесі мен заманауи ассистенттер мүлде қарастырылмаған. Бұл модель – техникалық тұрғыда ескі Damas платформасына негізделген көлік болғандықтан, соған сай кемшіліктері бар.

Cobalt – арзан көліктердің ішінде салыстырмалы түрде қауіпсіздеу модель. Мұнда екі негізгі қауіпсіздік жастығы, ABS, кей нұсқаларда бүйірлік жастықшалар мен есік ішіндегі күшейтілген құрылымдар қарастырылған. Бұл көлік Латын Америкасында краш-тесттен өтіп, орташа (3 жұлдыз) баға алған. Дегенмен, қазіргі заман талабына сай толыққанды қауіпсіздік жүйелері мұнда да жетіспейді.

Damas – микроавтобус типіндегі бұл көлік қауіпсіздік деңгейі ең төмен модельдердің бірі саналады. Құрылымы қарапайым, қозғалтқыш алдыңғы емес, орындық астында орналасқан. Бұл жүргізуші мен жолаушыларды апат кезінде қорғамауы, тіпті жарақаттауы мүмкін. Қауіпсіздік жастықтары, ABS және басқа жүйелер жоқтың қасы. Бұл көлік жолаушы емес, жүк тасымалдауға ыңғайлырақ болғандықтан, қауіпсіздікке аса назар аударылмаған.

Еске сала кетсек, осыған дейін аталған брендтің қытайлық автолармен салыстырғанда қазақстандықтар үшін артықшылықтары туралы мақала жазған еді.

Сондай-ақ оқыңыз