Қазақстандық оқушылар – әлемнің үздік инженерлерінің қатарында

Жарияланды 21 Сәуір 2025 09:48

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Қазақстандық оқушылар – үздік инженерлерінің қатарында / фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстандық оқушылар Хьюстонда (АҚШ) өткен FIRST Championship 2025 халықаралық инженерлік турнирінде алты бірдей марапатқа ие болып, еліміздің білім саласында тарихи жетістікке қол жеткізді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жарысқа әлемнің 110 елінен 50 мыңнан астам оқушы қатысып, үш жас санаты бойынша сайысқа түсті. Қазақстан намысын жеті команда қорғап, рекордтық нәтиже көрсетті.

Жоғары санатта (12–18 жас):

Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің PID командасы еліміз тарихында тұңғыш рет финалға өтіп, екі марапат жеңіп алды – Motivate Award Winner және Division Finalist Award.

Сол мектептің CRISTABOL командасы техникалық және техникалық емес дағдылардың үйлесімі үшін берілетін ең беделді марапат – INSPIRE Award-қа ие болды.

Sana Team (Алматыдағы Білім-инновация лицейі) және Jeltoqsun (Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» мектебі) командалары роботтар ойыны бойынша 258 команданың ішінен ТОП-20 қатарына енді.

Орта санатта (10–16 жас):

Астана қаласындағы «Skillset» мектебінің SKILLSET командасы Champions Award финалисі атанса, Қарағандыдағы «Мұрагер» мектебінің RASSLEXX командасы Coopertition Award Winner марапатына қол жеткізді.

Кіші санатта (6–10 жас):

Павлодар қаласындағы «Сатурн» мектебінің ATLANTIS командасы Team Model Award иегері атанды.

USTEM Foundation қорының жетекшісі Асылбек Мұрзахметовтің айтуынша, Қазақстан бұл чемпионатқа небәрі бес жыл бұрын ғана қатыса бастағанымен, ондаған жылдық тәжірибесі бар мемлекеттермен тең дәрежеде бәсекеге түсіп отыр. Бұл – жас буынның жоғары әлеуеті мен еліміздегі STEM білімінің даму деңгейінің айқын дәлелі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстандық жасөспірім шахматшылара әлем чемпионатында алты алтын медаль жеңіп алып, рекорд орнатқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз