«90+1» спорттың ішкі мәселесін көтерген бірегей фильм – Гүлзат Көбек

Жарияланды 28 Сәуір 2025 10:31

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
«90+1» фильмі дарынды жастар жалданбалы жұмыстарға жегілумен өтіп жатқанын шынайы баяндайды/фото: коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов.
«90+1» фильмі дарынды жастар жалданбалы жұмыстарға жегілумен өтіп жатқанын шынайы баяндайды/фото: коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов.

«90+1» фильмі – мотивациялық туынды. Еліміздің кинотеатрларында жүріп жатқан «90+1» фильмі киносыншылар тарапынан осындай баға алып отыр. Фильм көп талқыланып жатыр.

Өнертану PhD докторы, «Тұран» университетінің профессоры, киносыншы Гүлзат Көбектің пікірінше, қазақ балаларының әлемдік деңгейдегі футболшы болу туралы армандары ауладағы алаңнан аса алмай жатыр. Оның да себептері бар. «90+1» фильмі соны ашып көрсеткен.

Тұрмыс тауқыметі және спортшы

«Бұл «90+1»  фильмінің басты идеясы. Көтерген мәселесі өткір. Идеяның концепциясы оның ішкі әлеуметтік тұстарының шындығын ашады. Футболшылар қалай өмір сүріп жатыр?! Қазақ балаларының арманын жерлейтін қандай мәселелер?! Тұрмыс тауқыметінде қалған спортшыны іштей қандай мәселелер мазалайды?! Бұл сұрақтарға фильмнің айтар өз жауабы бар», – дейді ол.   

Спорттың ішкі түйткілдері

Киносыншының айтуынша, «90+1» фильмі – сөзсіз мотивациялық туынды. Қазақ киносында спорттың осы түрін насихаттау мен оның ішкі мәселесін көтеріп отырған бірегей фильм. Сондықтан, ол ерекше назар аудартып отыр.

«Отандық киноөндірісінде спорттық өнер түрлері мен ондағы тұлғалардың өмірбаяндық жолдарын насихаттайтын фильмдер жоқ десек те болады. Футбол – спорттың залалсыз жеңіл түрі. Командалық мүддеге жұмыс жасауға бейімдейді. Физикалық күш -жігерді көшедегі жабайы төбелес пен қарақшылыққа жұмсамай,  кәсіби спорттағы ережемен ойнау, энергияңды сол бағытқа жұмсаудың тиімді екендігін жастарға насихаттайды», – дейді Гүлзат Көбек.

Жалданбалы жұмыстарға жегілген дарындар

Өнертанушы басты кейіпкер Райымбектің кәсіби спортқа келу жолы шынайы әрі драматургиялық шиелініспен суреттелгенін көрсетіп отыр. Талантқа да қамқорлық пен бап керек екенін ұқтырады. «90+1» фильмі осымен де ерекше.

«Тұрмыс тауқыметін, болашағынан ерекше үміт күтетін жастардың алтын уақытын бүгінгі нарық дәуірінде күнкөріс үшін әртүрлі жалданбалы жұмыстарға жегілумен өтіп жатқанын шынайы баяндайды», – дейді киносыншы.

Жеке трагедия мен қайсарлық 

Гүлзат Көбектің сөзінше, бұл қайсарлыққа, мінезді болуға шақыратын фильм. Ол әр көрерменді рухтандыратын, шабыт беретін сипатқа ие.

«Фильмнен көрермендер жеке трагедиясы да сағын сындыра алмаған кейіпкердің өмірін көре алады. Бұл футбол саласында үлкен жетістікке жеткісі келетін балалар мен жасөспірімдерге жігер сыйлайды», – дейді киносыншы.

Армандарға да ақша керек

Өнертанушының пікірінше, қиындық көп көрген елдің ұрпағы төзімді әрі жігерлі келеді. Бірақ, бұл фильм бізге әлеуметтік мәселелердің де адамның сенімі мен жігерін жерлейтінін ашық түсіндіреді. Нарық заманында үлкен армандар да қаржыландыруды қажет етеді. Көрермендерге «90+1» фильмі өткерген қиындықтар мен армандар туралы сыр шертеді.

««90+1» фильмі – қазақ спортының үндеуі. Ішкі жанайқайы. Экран өнері арқылы өзекті көтерген мәселесі. Барлық сала бойынша әлеуметтік қолдаудың маңызды екендігін киноның тілінде түсіндіруі», – деп қорытындылайды Гүлзат Көбек.

Фильм туралы қысқаша ақпарат

«90+1» – қазақ футболы тақырыбында түсірілген алғашқы фильм. Оған Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсеткен. Фильмнің режиссері – «Қазақша бизнес» пен «Әкім» жобалары арқылы танылған Тимур Дулатов. Ал басты рөлдерде Қуаныш Керімқұлов, Алмат Сақатов және Артур Асқарұлы ойнады.

Сондай-ақ оқыңыз