
Жақында жаңартылған Chery Tiggo 7 модельі Қазақстан нарығында сатыла бастайды. Бұл туралы Kursiv.media Kolesa.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Екінші буындағы Chery Tiggo 7 2019 жылы прототип ретінде жарық көріп, 2020 жылы нарыққа шыққан болатын. Содан бері кроссовер бірнеше рет редизайннан өтті. Қытайдан тыс жерде Pro және Pro Max нұсқасы пайда болды. Былтыр Ухудағы халықаралық бизнес-конференцияда марка кроссовердің тағы бір рестайлингтен өткен түрін таныстырды.
Chery Tiggo 7 қалай өзгерді
Рестайлингтен өткен Tiggo 7-нің атауында қосымша жоқ, Pro Max-пен салыстырғанда ұзындығы 4500 мм-ден 4553 мм-ге ұлғайды. Ал ені 20 мм (1862 мм) кеңейіп, биіктігі 9 мм (1696 мм) қысқарды. Жүксалғыш көлемі бұрынғыша қалған (475 литр).

Жаңартылған модельдің интерьері айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Алдыңғы панельден физикалық батырмалар алынып тасталып, олардың орнына сенсорлық басқару блогы орнатылған, алайда орталық консольдегі пернелер сақталған. Олар роботтандырылған беріліс қорабының жаңа селекторын айнала жинақталған. Цифрлық аспаптар панелі мен мультимедиа кешенінің экрандары бұрынғыдай 12,3 дюймдік күйінде қалған.
Техникалық сипаттамасы
Техникалық жағынан Tiggo 7 Pro Max пен жаңартылған Tiggo 7 арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Капот астында 150 ат күші мен 275 Нм айналу моментін беретін 1.6 литрлік турбомотор орнатылған. Ол 7 сатылы қос муфталы DCT беріліс қорабымен жұмыс істейді. Толық жетекті жүйе қосымша ретінде ұсынылады.

Алдын ала мәлімет бойынша, Chery Tiggo 7 екі түрлі комплектацияда ұсынылады. Бірі – алдыңғы жетекпен, екіншісі – толық жетекпен. Екі нұсқадағы негізгі жабдықтар жиынтығы бірдей. Яғни Tiggo 7 келесі мүмкіндіктермен жабдықталған: алдыңғы және бүйірлік қауіпсіздік жастықтары, қауіпсіздік перделері, жүргізушіге арналған базалық көмек жүйелері, айнала шолу камералары, алдыңғы және артқы паркторник, кілтсіз ашу жүйесі, круиз-бақылау, екі аймақты климат-бақылау, алдыңғы орындық пен жүксалғыш қақпағының электр жетегі, панорамалы люк. Apple CarPlay және Android Auto жүйелерін қолдайтын медиажүйе және сегіз динамик, бірнеше USB-ұяшықтар мен сымсыз қуаттау құрылғысы да бар.

Қымбатырақ нұсқасы 18 дюймдік емес, 19 дюймдік дөңгелектермен, акустикалық әйнектермен, алдыңғы орындықтардың желдеткішімен, автоқараңғыту функциясы бар артқы көрініс айнасымен және дамыған электронды көмекшілер кешенімен жабдықталады. Соңғысы бейімделетін круиз-бақылау, автоматты тежеу, жолақта ұстау жүйесі және тағы басқа функцияларды қамтиды.
Баға саясаты
Бағалар болжам бойынша алдыңғы жетекпен жабдықталған нұсқасына 13,4 млн теңгеден басталып, толық жетекке ие нұсқасына 15 млн теңгеге дейін жетеді. Салыстырмалы түрде алсақ, қазіргі Tiggo 7 Pro Max тек толық жетекпен ұсынылып, 13,3 миллионнан 14,3 млн теңгеге дейін бағаланады.