Банк секторындағы таза пайданың басым бөлігі үш ірі банкке тиесілі

2025 жылдың қаңтар–наурыз айларында Қазақстанның екінші деңгейлі банктері 664 млрд теңге көлемінде таза пайда тапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6%-ға артық. Нарықтағы негізгі табыс ірі банктердің үлесінде. Оларға пайданың 96%-дан астамы тиесілі. Ал көш басында Halyk bank, БЦК және Kaspi Bank келеді.
Ірі ойыншылардың табысы еселенген
Бірінші орында Halyk Bank. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл қаржы ұйымы 247 млрд теңге табыс тапты. Бұл – 2024 жылдың дәл осы кезеңіндегі 161,8 млрд теңгемен салыстырғанда 53%-ға артық.
Halyk-тан кейінгі орында тұрған Kaspi Bank-тің табысы да айтарлықтай жоғары – 128,3 млрд теңге. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өсім бар екенін байқатады. (2024 жылы – 112,9 млрд теңге).
Үшінші орынға жайғасқан Банк ЦентрКредит 78,5 млрд теңге пайда тапты. Бұл өткен жылдағы 41 млрд теңгемен салыстырғанда 91%-ға көп.
ForteBank те оң қарқын көрсетіп, табысын 42,3 млрд теңгеге дейін жеткізді (былтыр – 29,5 млрд теңге). Отбасы банк – мемлекеттік тұрғын үй жинақ жүйесі операторы – 36,5 млрд теңге пайда тапты.
Bank RBK табысы 17,6 млрд теңге болса, Bereke Bank таза пайдасы былтыр І тоқсанмен салыстырғанда 30 есе өсіп, 13,2 млрд теңгеге жеткен.
Бүкіл банктер бірдей өсім көрсетпеді
Еуразиялық банк 2024 жылғы 37,9 млрд теңге пайдасымен салыстырғанда биыл 16,7 млрд теңге тауып, пайдасы екі есе қысқарды,
Табысы азайған банктер қатарында Jusan Bank те бар. Қаржы институты биыл үш айда 39,3 млрд теңге таза пайда алған. Ал Citibank Kazakhstan 2024 жылы 26 млрд теңге пайда тапса, биыл 20,4 млрд теңгемен шектелді.
Банктік сектордағы жалғыз шығынға жұмыс істеген ұйым – Freedom Bank. Ол 2025 жылдың алғашқы үш айында 37,2 млрд теңге көлемінде шығын шеккен.