
Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова өзінің атына тіркеліп кеткен алаяқтық әрекеттерге қатысты мәлімдеме жасады. Алагөзова өзінің ешқандай қайырымдылық қорына қатысы жоғын айтып, жұртты сақ болуға шақырды.
Алагөзованың айтуынша, оған туыстарының бірі хабарласып, танысының продюсердің атын жамылған қор арқылы 400 мың теңге аударғанын жеткізген. Алаяқтар аталған қорды Баян Алагөзованың жобасы ретінде таныстырып, «алтын таудай уәде» берген көрінеді.
«Мен мұндай қорға еш қатысым жоқ. Алаяқтардың сөзіне алданып қалмаңыздар. Олар бәрін жасап бере алады. Дауысты да қолдан жасап отыр. Өзі де байқап жүрген шығарсыздар, менің бейнемді қолданып, «зейнеткерлік» дауыспен ақша сұрап жатқан видеолар тарап жүр», – деді продюсер бейнежазбасында.
Оқиға одан әрі шиеленісе түсіп, аталған таныс Баян Алагөзовадан ақшаны қайтаруды талап еткен. Алайда продюсер мұндай жағдайдан бейхабар екенін айтып, ашу-ызасын жасырмады:
«Қандай ақша? Баян ештеңеден хабарсыз, қайда аударды, не аударды – ол жағы мүлде белгісіз», – деді ол.
Баян Алагөзова жұртты тек ресми ақпаратқа сенуге және беймәлім қорларға ақша аудармауға шақырды. Ол ешқандай қайырымдылық немесе қаржылық жобаларға қатыспайтынын қатаң ескертті.