
Алматы қаласында ашық аспан астында отандық фильмдерді тегін көрсету жобасы басталды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Фильмдер көрсетілімі мегаполистің сегіз ауданында аптасына бір рет өткізіліп отырады. Нақты мекенжайлар әзірге жарияланған жоқ. Жобаның басты мақсаты – қала тұрғындарын қазақстандық кино өнерінің үздік туындыларымен таныстыру, сондай-ақ отандық кинематографияны насихаттау.
«Бұл жай ғана фильм көретін жер емес. Бұл – адамдардың бір-бірімен араласатын, мәдениет алмасатын және ұлттық киноға құрмет білдіретін орта. Мұндай шаралар адамдар арасындағы байланысты нығайтып, шабыт беріп, қаламызды жылы әрі достық ортаға айналдырады деп сенеміз», – деді Алматы волонтерлерінің фронт-офис жетекшісі Багдат Анарбаева маусымның ашылуында.
Тегін кинокөрсетілімдер жаз бойы жалғасады. Ұйымдастырушылар көрермендерге жайлы жағдай жасап, отбасылық демалысты ерекше әрі мазмұнды өткізуге мүмкіндік ұсынуды көздейді.
Еске сала кетейік, сонымен қатар Алматыда 1 мамырдан бастап субұрқақтар маусымы басталған еді.