Вячеслав Ким – Қазақстандағы ең бай бизнесмендер арасында тағы да бірінші орында

Вячеслав Ким 2025 жылғы Қазақстанның ең бай бизнесмендері рейтингінде бірінші орынды сақтап қалды. Тимур Турлов бесінші орыннан екінші орынға көтерілді. Тимур мен Динара Құлыбаевтар екінші орыннан төртінші орынға түсіп, ал Болат Өтемұратов рейтингтің алтыншы орнын иеленді. Бұл туралы Forbes журналының жаңа санында жазылған.
Вячеслав Кимнің қанша компаниясы бар?
Рейтингтің алғашқы бестігіндегі миллиардерлердің жалпы байлығы 27,6 млрд долларға жеткен. Вячеслав Кимнің капиталы 5,8 млрд доллардан 7,1 млрд долларға өсті. Бизнесмен Kaspi.kz финтех-компаниясының 23,4% акциясына ие. Бұдан бөлек, оның «Алсеко» және ELTOP Soft ІТ-компанияларында, коммуналдық қызметтерге төлем қабылдайтын «Астана-ЕРЦ» ЖШС-да және мұнай саласындағы «Позитив Инвест» компаниясында үлесі бар. Сондай-ақ Ким – Magnum Cash Carry бөлшек сауда желісінің түпкі бенефициары.
Тимур Турловқа не тиесілі?
Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турловтың байлығы 3,3 млрд доллардан 5,8 млрд долларға дейін өсті. Freedom холдингінің құрамына «Фридом Финанс» брокерлік компаниясы, аталмыш банк, екі сақтандыру компаниясы, Arbuz.kz онлайн-супермаркеті мен Aviata.kz авиабилеттер сервисі кіреді. Топ бренді аясында Freedom Drive автокөлік шиналары дүкені, Freedom Mobile техника мен аксессуарлар салоны, концерттерге, киноға және басқа да іс-шараларға арналған Freedom Ticketon билет сервисі, Freedom Telecom телекоммуникациялық компаниясы және Freedom Media онлайн-кинотеатры да бар.
Ал Владимир Кимнің байлығы 3,6 млрд доллардан 5,7 млрд долларға өсті. Оның KAZ Minerals компаниясы Павлодар облысындағы Бозшакөл, Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кен орындарымен, ШҚО-дағы үш жерасты кеніштерімен және Қырғызстандағы Бозымчак алтын-мыс кен орнын өндіреді. Владимир Ким Bank RBK-ның бақылау пакетіне ие.
Құлыбаевтар мен Өтемұратов байлығы
Тимур мен Динара Құлыбаевтардың байлығы 5,3 млрд доллар деп бағаланып отыр. Бір жыл ішінде 300 млн долларға артқан. Ерлі-зайыпты «Алмэкс» холдингі арқылы Қазақстандағы ең ірі банк, Halyk Bank-ке иелік етеді. Тимур Құлыбаев, сондай-ақ, «Каспий Нефть», «Шұбаркөл Премиум» және «Кристалл Менеджмент» компаниялары кіретін Joint Resources-ты бақылайды. «Кипрос» арқылы Viled, Emdeu, PetroRetail, «Камкор Менеджмент» және «Бахус» топтарында да үлесі бар.
Қазақстандағы ең бай адамдар рейтингінде алтыншы орынды Болат Өтемұратов иеленеді. Оның капиталы 2,7 млрд доллардан 3,7 млрд долларға дейін өсті. Өтемұратов — ForteBank-тің негізгі акционері, RG Gold және «КаР-Тел» («Beeline Қазақстан») компанияларында үлесі бар. Сондай-ақ Астанадағы және Венадағы Ritz-Carlton, Мәскеудегі The Carlton және Ақмола облысындағы Rixos Borovoe қонақүйлерін басқарады.
Әлемдік рейтингтегі қазақстандық бизнесмендер
2025 жылдың 1 сәуірінде америкалық Forbes әлемнің ең бай бизнесмендерінің жаһандық рейтингін жариялады. Бұл рейтингке жеті қазақстандық бизнесмен енген.
Олардың арасында Kaspi.kz-тің тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе де бар. Ол 5,9 млрд доллар байлықпен жаһандық рейтингте 597-орынға жайғасты. Бір жылда байлығы 700 млн долларға өскен. Алайда бизнесмен Грузия азаматы болғандықтан, Forbes-тың қазақстандық рейтингіне енбеген. Ломтадзеден бөлек Вячеслав Ким, Тимур Турлов, Владимир Ким, Тимур және Динара Құлыбаевтар мен Болат Өтемұратов та халықаралық Forbes тізіміне кірді.
Әлемдегі ең бай бизнесмендер рейтингінде бірінші орынды Илон Маск, екінші орынды Марк Цукерберг, ал үшінші орынды Джефф Безос иеленді.