
Танымал продюсер, актер және сценарист Нұртас Адамбай өзінің өмір жолы мен ішкі ізденістері туралы кітап шығаратынын мәлімдеді. Бұл туралы Адамбай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
«Мен бірнеше рет өмір жолым жайлы кітап жазғым келді, бірақ бастаған сайын бұл ойымнан бас тартатынмын. Өйткені кітабым немен аяқталатынын білмейтінмін. Ал енді, бұл кітаптың бас-аяғы не туралы болатынын түсінгендеймін», – деп жазды Адамбай.
Кітаптың атауы — «Мен кіммін?» Автордың айтуынша, бұл — әрбір адам өзіне қоюы тиіс ең маңызды сұрақтардың бірі. Актер оқырмандарынан осы бастамаға қолдау білдіруді сұрап, өзінің қатты толқып отырғанын да жасырмады.
«Егер менің жазып отырғаным сізге қызық болса, маған қолдау көрсетсеңіздер. Бұл мен үшін өте маңызды. Шын айтсам, қатты уайымдап отырмын», — деді Адамбай.
Нұртас Адамбайдың бұл кітабы тек шығармашылық жолы ғана емес, оның ішкі ізденістері мен өмірлік тәжірибесіне негізделетін шынайы туынды болмақ.
Айта кетейік, Нұртас Абайұлы Адамбай — қазақстандық актер, режиссер, продюсер және сценарист. 1981 жылы 14 желтоқсанда Тараз қаласында дүниеге келген. 2002 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша үздік бітірген. Шығармашылық жолын КВН-ның «Астана.kz» командасында бастады.
«Наша Казаша» скетч-шоуы арқылы танымал болды. Сондай-ақ, «Келинка Сабина» трилогиясы, «Ауылдан қашу», «Тараз», «Әкім» сияқты фильмдердің авторы әрі басты рөлдерді сомдаушысы. 2012 жылы Forbes журналы Қазақстандағы ең табысты шоу-бизнес өкілдерінің бірі деп таныды.