
19 мамыр күні Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Жәнібек Әбілхан ұлттық бірыңғай тестілеуден алғашқы мүмкіндікте шекті 140 ұпай жинады. Ол тестілеуде информатика пәнін таңдаған, болашақта IT маманы болуды армандайды.
Бүгін сабаққа келген Жәнібекті мектеп әкімшілігі мен сыныптастары ерекше ілтипатпен қарсы алып, құрмет көрсетті. Жәнібекке өзі оқуға түскен қаладан пәтер алып беретін болды.

Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі, сынып жетекшісі Гүлзира Бортайдың айтуынша, Жәнібек сыныптастарының арасында сыйы бар оқушы. Мінезі – тұйық, эмоциясын сыртқа шығармайды. Сұрақ қойсаң тиянақты жауап береді. Математика, информатика пәнін жақсы көріп оқыған. Сабақ үлгерімі жақсы, 4 және 5 деген бағамен оқиды.

«Жәнібектің соңғы 1 жылда бар ойы жоғарғы ұпай жинау болды. Уақытын тиімді пайдаланды. Тестке жүйелі түрде дайындалды. Өзгеге ойын бұрған жоқ. Оның жоғарғы ұпай жинауының сыры пәндерге деген қызығушылығы, ішкі жауапкершілігі және өзіне өзі талап қоя білуінде. Бұл- өте жоғарғы көрсеткіш. Бұл жетістікке Жәнібек, оның отбасы, мектеп ұжымы, түптеп келгенде барлық Қазақстан халқы қуанып отыр», – дейді Гүлзира Бортай.
17 жастағы Жәнібек отбасындағы бес баланың екіншісі. Әкесі вахтада жұмыс істейді, анасы үй шаруасындағы әйел. Жәнібектің анасы Гүля Боранбаева баласының кішкентайынан талапшыл болып өскенін айтады. Шекті ұпайды жинағанын естіген кезде әрі-сәрі күйге түскен.

«Тестен шыға сала «Мама, 140 балл жинадым!» деп хат жазды. Өзі сөзге жоқ қысқа, нұсқа сөйлейді. «Рас па, рас па?» деп қайта-қайта ұялы телефонына хабарласа бердім. Алғашында сөйлесе алмай қойдым. Сөйтсем жан-жақтан қоңырау соғып жатқан екен. Әлі де қуаныштан жүрегіміз жарылардай болып тұр. Тестен шыққан соң, өзін көргенде аң-таң болып тұрды. Іштей қатты қуанғанын сездім. Әлі өзіне-өзі келе алмай жатыр. Қуанышы ішіне сыймай жүр. Рас, өтірігін түсінбей отыр», – дейді Боранбаева.
Гүля Боранбаеваның сөзінше, Жәнібек күндіз-түні дайындалған. Арнайы онлайн курс сатып алған.
«Болам деген баланың белін бу деген. Біз де барынша көмектестік. Сабақпен әуре бала ғой. Тынымсыз дайындалды. Үй тірлігіне мойын бұрған жоқ. Қаншама есеп шығарды, неше дәптер толтырып тастады. Менікі оған дәптер тасу болды», – дейді Жәнібектің анасы күліп, – «Өз еңбегінің, табандылығының, мұғалімдерінің қолдауымен осы жетістікке жетті».

Жәнібек жоғарғы ұпай жинауының сырын ерте дайындықпен байланыстырады. Ол дайындық кезінің өзінде білім нәтижесіне немқұрайлы қарамай барынша шекті ұпай жинауға тырысу керек екенін айтады.
Жәнібекке жоғарғы ұпай жинағаны үшін өзі дайындалған оқу орталығы сый көрсетіп пәтер сертификатын берді.
Биыл Түркістан облысында 34 мыңға жуық оқушы 11-сыныпты бітіреді. Олардың 27 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Мектеп бітірушілердің ішінде 2 313 оқушы «Алтын белгіге», ал 2 400-і «Үздік аттестатқа» үміткер. Айта кетейік, мектеп бітірушілерінен білімін дәлелдеу үшін екі рет ҰБТ тапсыруға мүмкіндік беріледі.
Айта кетейік, биыл ҰБТ 16 мамырда басталды. 216 мыңға жуық түлек тест тапсыруға өтініш білдірген.