
Қазақстандық Альбина Бунеску әлемге әйгілі испандық «Реал Мадрид» клубының құрамында ресми түрде жұмысын бастады. Бұл жаңалықты ол Instagram парақшасында бөлісті.
Альбина Бунеску – әйгілі клубта еңбек ететін алғашқы қазақстандықтардың бірі. Павлодар қаласында туып-өскен Альбина қазіргі таңда «Реал Мaдрид» клубында маркетолог ретінде қызмет етеді. Бунескудің айтуынша, мұндай мүмкіндікті Мадрид университетіндегі спорттық маркетинг бойынша магистратурада оқып жүргенде алды.
«Магистратура барысында үздік төрт студенттің ғана осындай мүмкіндікке ие болуына жол ашылды. Бағым жанып, Real Madrid Marketing Team құрамында жұмыс істеу бұйырды. Қазірдің өзінде бірнеше халықаралық жобалар күтіп тұр. Жауапкершілік жоғары, бірақ мен дайынмын», – деп жазды Альбина Бунеску.
Осылайша, Альбина – испандық алып клубта ресми түрде қызмет атқаратын алғашқы қазақ мамандарының бірі атанды.
Айта кетейік, «Реал Мадрид» әлемдегі ең бай футбол клубы. 2024 жылы Мадридтік клубтың табысы 1 млрд еуродан асқан еді.