Қытайдың ең мықты 10 көлігі

Жарияланды 26 Мамыр 2025 12:51

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Қытайдың ең мықты 10 көлігінің тізімінде BYD бірінші тұр / фото: chatgpt
Қытайдың ең мықты 10 көлігінің тізімінде BYD бірінші тұр / фото: chatgpt

Қытайдың ең мықты 10 көлігі жария болды. Тізімді Ұлыбританияның көлік сарапшылары жасап шығарған. Iшінде Қазақстанда танымал үлгілер де бар.

Бүгінгі таңда айтулы көліктердің өзі Қытайда құрастырылып, эспортқа шығарылып жатқаны құпия емес. Оның ішінде MG4 пен Tesla Model 3 көліктері де бар. Қытай қазір көп салаларда бәскелестерінен оқ бойы озық тұр. Әсіресе, электромобильдер, батарея технологиясы және сирек кездесетін металлдарды өндіріп, өңдеуде  алдына жан салмайды.

Мұны аз десеңіз, мен деген көліктердің қосалқы бөлшектер мен технологиялары Қытайда жасалады. Ал аккумуляторларға келсек, Қытайға бәрі тәуелді десек, артық айтпағандық.

Ұлыбританиялық көлік сарапшылары Қытайдың ең мықты 10 көлігінің тізімін жасап шығарып отыр:

BYD

BYD – Build Your Dreams (Армандарыңды орында) деген ағылшын сөздерінің бастапқы әріптерінен алынған. Қытайдың ең мықты 10 көлігінің тізімінде бірінші тұр.

Десе де, BYD үлгілері – Atto 3, Dolphin және Seal көліктерін армандайтын адамдар бар-жоғы туралы сөз қозғауға әлі ертерек.

Бірақ BYD-тің жетістіктері таңқаларлық. Бұл компанияда 200 дизайнер, 10 000 инженер жұмыс істейді. Жасап шығарған 3,5 миллион көлікті саудалап та үлгерген. Компанияның әуелеті өте мықты. Тіпті, жапонның әлімге мәшһүр Toyota-сының өзі батарея технологиясына қол жеткізу үшін BYD-пен серіктестік орнатып отыр. Оның Қытай нарығына арналған үлгілері бар. Ол  BYD брендімен сатылуда.

BYD шығарған көліктердің ішінде танымалы – Atto 3. Қазақстанда 2025 жылдың басынан автонарыққа шықты. Отбасыға арналған көлік. Электрлі SUV. Толық қуатталса, шамамен 423 шақырымды бағындыра алады. Онда жаныңызға қажетті дүниелердің бәрі табылады. Айталық, заманауи қауіпсіздік жүйелері, үлкен сенсорлы экраны бар. Оны қалауыңызша, бұрып қоя аласыз. Динамиктері мен есік қалталарының пішіні де ерекше.

Қытай көліктерінің басты артықшылығы – бағасының бәсекеге қабілеттілігі. Жанармаймен жүретін баламаларға ұқсас.

Кемшіліктеріне тоқталсақ, басқарып отырған адамға жұмсақ, жылдам болып сезілмейді. Ішкі интерьері мен материалдары екінің бірінің көңілінен шықпайтыны рас.

Dolphin көлігі ерекше жаңалық болып отыр. Бұл тағы бір SUV емес. Бірақ олқылығы –MG4 үлгісіне тікелей бәсекелес. Тағы да BYD-дің сыртқы дизайны еуропалық нарықтағы стильдерге – заманауи, винтаж немесе аэроформалы бағыттарға сәйкес келмейді. Дейтұрғанмен, көліктің салыстырмалы түрде арзан бағасы мен толық қуатпен 426 шақырымға дейін жүре алатыны, сөз жоқ, артықшылық береді.

Соңғысы – Seal моделі. Бұл көлік Hyundai Ioniq 6 моделіне бәсекелесу үшін жасалғаны байқалады. Қуаты 500 ат күшінен жоғары. 480 шақырымға дейін жүйітки алатын нұсқасы да бар. Кейбір ұсақ кемшіліктеріне қарамастан, BYD-дің ең сенімді әрі сәтті үлгі деп есептелінеді.

GWM Ora

GWM Ora – Қытайдың ірі автоконцерні Great Wall Motor компаниясына қарасты бренд. Қытайдың ең мықты 10 көлігі тізімінде екінші орынды алады. Ол нарыққа алғаш рет Funky Cat деген атаумен шығарылды. Volkswagen Polo көлеміндегі электрлі хэтчбек. Қызық атауы бірден жұртты елең еткізді. Алайда кейіннен атауы қарапайымдау GWM 03 болып өзгертілді. Алдағы уақытта бұл модельге қосымша жаңа көліктер қосылады. Соның ішінде премиум-класстағы GWM 07 седаны да бар.

GWM 03 дебюттік үлгі дизайны жағынан елдің көңілінен шықпады. Mini стиліндегі ретро бағыты көзге бірден түседі. Кей тұстары сын көтермейді. 320 шақырымды бағындыра алады. Салоны заманауи технологиялармен жабдықталған.

Geely

Geely – Қытай автонарығындағы алпауыт ойыншы. Компания әр брендке мұқтият қарайтыны байқалады. Бүкіл холдингтің ортақ технологиялық ресурстары арқылы ілгерілетуге ұмтылып жатыр. Geely тек көлік қана емес, жер серіктерін де шығарады. Компания 240 жерсеріктен тұратын жүйенің алғашқы тоғызын ғарышқа ұшырып үлгерді.

Geelyдің басты ерекшелігі, еуропалықтарға бұрыннан таныс брендтер арқылы өз технологиясын енгізген. Әлемдік нарықта өзге қытайлық компанияларға басты кедергі бар. Көбісі жаңа шыққан. Geely осы арқылы мұны шебер айналып өтті. Мысалы, Volvo көлігі сырттай да, іштей де бұрынғыдай Volvo болып қала береді.  Тек енді оның ішкі технологиясы – қытайлық. Smart, Lotus және басқа да брендтерге де осы тәсіл қолданылған.

Geely Қытай нарығына арналған. Жергілікті сұранысқа сай үлгілерді шығаруға да еркіндік алды.  Мысалы, Volvo EM90 атты премиум MPV осыны көрсетеді.

MG

Қытайдың ең мықты 10 көлігінің қатарындағы MG өзін анағұрлым орныққан әрі сенімді бренд ретінде көрсетіп келеді. Өйткені, оның артында Қытайдың мемлекеттік SAIC Motor Corp компаниясы тұр.

MG алғашқылардың бірі болып, қолжетімді бағамен хэтчбектер мен SUV үлгілерін (көбісі электрлі) ұсынып, нарықта жылдам алға шықты.

Стиль мен сапа жағынан сәл ескіргендей көрінетіні бар. Бірақ бұл көліктер бағаға мән беретін тұтынушылардың сеніміне ие болды.

MG өзінің нағыз заманауи алғашқы үлгісі – MG4 арқылы алға қадам жасады. Бұл көлік бүгінде Еуропа жолдарында жиі кездеседі. Ұзаққа бара алатын XPower деп аталатын нұсқалары да қолжетімді. MG4 – арзан әрі жүргізуге ыңғайлы көлік. Сонымен қатар 7 жылдық кепілдік беріліп отыр.

Nio

Nio бренді Еуропада танымал болып үлгерді. Десе де, Еуропа нарығын әлі толық игермеді.  Бұған дейін ол тек миллиардерлерге арналған өте қымбат гиперкарларымен және көлік қуатталып жатқанда демалып немесе жұмыс істеуге болатын арнайы Nio House клубтарымен ғана көзге түскен еді.

Мысалы, көліктерінде Nomi деп аталатын жеке көмекші жүйесі бар. Тіпті Nio өз клиенттері үшін арнайы шарап та шығарады. Сонымен қатар, компания Еуропа нарығында батарея ауыстыру станцияларын іске қосып жатыр. Мұнда қуаты біткен аккумуляторды небәрі үш минутта жаңасына ауыстыруға болады. Бұл кең таралған қуаттаудан әлдеқайда жылдамырақ.

Nio – EL6 деп аталатын SUV үлгісі арқылы танылып отыр. Бұл көлік қуат, технология және жылдамдық жағынан жақсы әсер қалдырады. Алайда басқару тұрғысынан әлі де жетілдіруді қажет етеді. Алдағы уақытта ET5 электрлі седаны мен ET5 Touring универсал үлгісі жер-жерде таныстырылып жатыр.

Сонымен қатар, ES8, EL7 сынды SUV үлгілері және кеңірек ET7 седаны да бар.

Соңғы жылдары Nio-да әлемдік деңгейдегі мамандар жұмыс істеп келеді. Компания Formula E чемпионатына да қатысып жүр.

XPeng

XPeng брендінің флагмандық SUV үлгісі – G9. Бұл көлік Норвегия, Швеция, Дания және Нидерланды сынды елдерде қазірдің өзінде сатылып жатыр. Ең көп таралатыны – P7 үлгісі. Бұл көлік Tesla Model 3-ке бәсекелес ретінде жасалған. Көпшілік тұтынушыларға арналған. Қытайдың 10 үздік көлігінің бірі ретінде қарастырылып отыр.

P7 сыртқы пішіні жағынан Model 3-ке өте ұқсас.  Толық қуатталса, 560 шақырым жол жүре алады. Сонымен қатар оның Performance деп аталатын жоғары өнімді нұсқасы да бар.

XPeng көліктерінің салоны VIP lounge стилінде жасалған деп сипатталады. Сондықтан бұл көліктер жоғары сапалы материалдармен және озық технологиямен жабдықталған.  Өзге қытайлық брендтерден айырмасы осында.

HiPhi

HiPhi — Шанхайда орналасқан. Human Horizons компаниясына тиесілі қытайлық люкс көлік бренді. Бұл бренд өте қымбат электр көліктерін ұсынады. Қазіргі таңда екі моделі бар: HiPhi X және HiPhi Z. Жақында қолжетімді әрі шағын HiPhi Y үлгісі де ұсынылғалы отыр.

HiPhi-дің өзге қытайлық брендтерден ерекшелігі неде?  Оның командасында Jaguar Land Rover компаниясының бұрынғы инженерлік директоры Марк Стэнтон жұмыс істейді.

HiPhi X –  Tesla Model X көлігіне тікелей бәсекелес болып отыр. Бұл үлгі де ерекше есік конструкцияларымен және жоғары бағасымен көзге түседі. Ол қуатты көлік. Іші өте кең. Ұзаққа бара алады. Жүрісі де жайлы.

HiPhi Z — спорттық, төмен шанақты седан/купе.  Porsche Taycan стилінде жасалған. 480 шақырымды артқа тастай алады. Барлық дөңгелегі тартады. 600 ат күшіне тең.

Omoda

Omoda — Қытайдағы ірі Chery автоконцернінің құрамына кіретін бренд. Сондықтан оның тәжірибесі мол. Алғашқы үлігісі — бензинмен жүретін Omoda 5 кроссовері. Оның электрмен жүретін нұсқасы да бар. Omoda E5 деп аталады.  

Omoda — ең кірпияз тұтынушылардың көңілін тапқан бренд десек, қателеспейміз. Оның сыртқы және ішкі дизайны ұстамды, заманауи. Сенсорлы экраны көз тартады.

Zeekr

Zeekr — Geely холдингінің тағы бір еншілес бренді. Оның Zeekr X үлгісі Smart #1 және Volvo EX30 үлгілерімен бір платформада жасалған. Сыртқы дизайны Еуропада әзірленген. Бұл оның көрінісінен айқын байқалады. Өзге қытайлық бәсекелестеріне қарағанда үйлесімді, заманауи көрінеді. Көліктің басқарылуы да талғампаз жүргізушілердің талабына сай келеді.

Zeekr X екі нұсқада ұсынылып жатыр. Бір моторлы стандартты және екі моторлы үлгі.  Бұл жағынан ол Smart және Volvo нұсқаларына бәсекелес. Сапалы өнім деп есептеледі. Бірақ қауіпсіздік жүйелерінің бірқатары жетілдіруді қажет етеді.

Zeekr 001 деп аталатын тағы бір үлгісі бар.  Ол Tesla Model 3 стиліндегі седан.

Lynk & Co

Lynk & Co  Қытайдың ең мықты 10 көлігі тізіміне кірді. Компания Geely холдингінің құрамында. Бұл бренд қалалық өмір салты мен қарбалас күн тәртібіне бейімделген.

Geely-дің өзге үлгілерімен салыстырғанда, Lynk & Co-ның дизайнына, сапасы мен өнімділігіне қарағанда, бәсекеге қабілетті бола алады.

Қытайдың ең мықты 10 көлігі біз үшін жаңа болуы мүмкін. Бірақ олар Қытайдың ішкі нарығында жыл сайын жүздеген мың электромобиль шығарып жатыр. Өткен жылы Қытайда 24 миллион электромобиль сатылған. Бұл көрсеткіш АҚШ пен ЕО сатқан көліктерді қоса алғаннан да көп.

Мұның алдында Қазақстанда бір пайызбен қандай кроссоверлерді сатып алуға болатыны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз