
Жер бетінде 1500 ояу жанартау бар. Кей жанартаулар ернеуі ыстық лаваға толып, үздіксіз буырқанса, басқалары ондаған, жүздеген, тіпті, мыңдаған жыл бойы ұйқыда жатады. Ояу жанартауды көзбен көріп, табиғат күшін сезіну — ұмытылмас әсер сыйлайтын тәжірибе. Төменде әлемде қауіпсіз тамашалауға болатын жанартауларды тізіп шықтық.
Килауэа, Гавайи
Гавайи архипелагында 5 жанартау бар, оның төртеуі Үлкен аралда орналасқан. Олардың ішіндегі ең белсендісі — Килауэа 1983 жылдан бері үздіксіз атқылап келеді. Бұл көбіне қауіпсіз жүретін процесс, сондықтан туристер ыстық лаваны жақыннан көре алады. Гавайи ұлттық жанартаулар паркінде лаваны 270 метр қашықтықтан көретін алаң бар. Аралда туристерге арналған лава турлары көп. Ең батыл адамдар жанартауды дәл үстінен тамашалауға мүмкіндік беретін тікұшаққа отыра алады. Гавайи жанартаулары ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген.
Эртале, Эфиопия

Эфиопиядағы ең белсенді жанартауды «жер бетіндегі тозаққа» теңейді. Жанартауға жету үшін шөл даламен бес сағат жүріп, қатқан лаваның үстімен үш сағат тауға шығу керек. Кратерге хайкинг түнде жасалады, өйткені күндіз лаваның бет қаратпас ыстығынан биікке көтерілу мүмкін емес. Жанартау кратерінде қып-қызыл, ыстық лавадан түзілген көл жатыр. Бұл көл 1906 жылдан бері тоқтаусыз қайнап, бір сәтке суыған емес.
Ньирагонго, Конго

Бұл жанартаудың кратерінде әлемдегі ең үлкен лава көлі орналасқан. Ньирагонго соңғы рет 2002 жылы атқылап, Гома қаласын басқан ыстық лавадан 147 адам қаза тапқан. Бұл жердің лавасы су сияқты сұйық болып ағады, бұл оның құрамында силикаттың болмауымен түсіндіріледі. Осыдан ыстық лаваның жылдамдығы 100 км/сағатқа жетуі мүмкін. Теңдесі жоқ лава көлін көру үшін 4-7 сағат жол жүру керек.
Этна, Италия

Этна — Еуропадағы ең биік әрі белсенді жанартау. Ежелгі грек мифологиясындағы Зевс құдайдың сүйіктісі Этнаның құрметіне аталған. Этна б.з.д 425 жылдары белсенді болған ескі жанартаулар тізбегінен және солардан қалған 4 кратерден тұрады. Соңғы рет 2019 жылы атқылаған.
Кратер бүйірінен үнемі лава ағып жатады. Жанартауға көтерілетін үш сенімді жол бар. Оңтүстік жол —Рифуджо Сапиенца арқылы, бұл жерге көрші Катания қаласынан қоғамдық көлікпен жетуге болады. Солтүстік жолға Пьедимонте-Этнео қаласынан келесіз. Шығыс жол Дзафферана-Этнеа ауылы арқылы өтеді. Жанартауға көтерілген сайын ауа температурасы күрт төмендей береді, сондықтан туристер жылы киімдер мен тамақ алып шығуы керек.
Пакая, Гватемала

Гватемаладағы 1965 жылдан бері үздіксіз атқылап келе жатқан жанартау. Биіктігі — 2552 метр. Альпинист-экстремалдар бұл жанартауды ерекше жақсы көреді. Кратерге атпен немесе жаяу небәрі 1 сағатта жетуге болады. Туристердің сүйікті ермегі: лаваның ыстығына маршмэллоу күйдіріп жеу.
Кава Иджен, Индонезия

Ява аралында орналасқан, кратері тез тұтанатын күкіртті газға толы. Жанартау төбесіне 2 сағат көтеріліп, тағы 45 минут жүру керек. Сонда қышқылдық деңгейі мен еріген металдар концентрациясының шектен тыс жоғары болуынан көгілдір түске боялған ерекше көлге көрініс ашылады. Бұл жер теңіз деңгейінен 2 799 метр биіктікте жатыр.
Кава Идженнің лавасы — ашық көгілдір түсті. Лаваның әдемілігін көру үшін кратерге қараңғыда шығу керек. Улы газдан қорғану үшін респиратор мен көзді қорғайтын көзілдірік киген дұрыс.
Серро-Негро, Никарагуа

Бұл жанартау соңғы рет 1999 жылы атқылаған. Жанартау төбесіне жарты сағатта көтерілуге болады. Мұндағы ең атақты аттракцион — вулканобординг. Жергілікті туристік компаниялар ағаш тақтайшаға отырып, қатқан лаваның үстімен сырғанауды ұсынады. Ағаш тақтайша 60 км/сағ жылдамдықпен төменге қарай жүйткиді.
Эйяфьятлайёкюдль, Исландия

Еуропада 82 жанартау болса, оның 32-сі Исландияда орналасқан. Әлемдегі атауы ең қиын жанартау. Америкалық лингвистер дерегінше, Эйяфьятлайёкюдль сөзін әлем халқының 0,005% ғана дұрыс айта алады. Бұл жанартау 2010 жылы наурыз-сәуірде атқылағаннан кейін бүкіл әлемге танылды. Ол кезде түтіннен түзілген бұлт 6 км биіктікке көтеріліп, Солтүстік Еуропаның аспанын жауып қалды. Ұлыбритания, Норвегия, Дания, Швеция әуежайлары жұмысын тоқтатты. 6 мың рейс кейінге қалды. Бірақ жанартау атқылауынан қаза тапқан адам тіркелген жоқ. Мұздық бойымен жанартауға көтерілу қиын, міндетті түрде гид керек.
Сент-Хеленс, АҚШ

Бұл жанартау Тынық мұхитының отты шеңберіне кіреді. Жер бетіндегі ең танымал 10 жанартаудың 9-ы осында орналасқан. Жанартаудың төбесіне көтерілуге 2 сағаттай уақыт кетеді. 2000 метр биіктіктен жоғары жаз мезгілінің өзінде қар мен мұз жатады, сондықтан ауа температурасы нөлден төмен болады. Сент-Хелес соңғы рет 2008 жылы атқылаған. Бірақ ел есінде 1980 жылғы апат көбірек қалды, ол кезде жанартау күшінен 57 адам қаза тапқан еді. Бұл қайғылы оқиға көп кітап пен фильмге арқау болған, ал америкалық композитор Алан Хованесс «Сент-Хеленс тауы» деп аталатын симфония жазды. Қазір жанартау белсенді емес, оған шығу қауіпсіз.
Пинатубо, Филиппин

Пинатубоны «20-ғасырдың күйретуші күшке ие жанартауы» деп атайды. 1991 жылы маусымда жанартаудың атқылауынан 875 адам қаза тапқан, 10 мыңға жуық адам эвакуацияланған. Лаваның атқылауынан түзілген түтін 34 км биікке көтеріліп, 125 мың шаршы шақырым жерді басып қалды.
Қазір ояу, бірақ қауіпсіз жатқан жанартауға көтерілу үшін міндетті түрде гид керек. Өйткені жанартауға бастайтын жолдың бір бөлігі әскери база территориясын басып өтеді. Онда жалғыз жүрген туристі кіргізбейді. Бұл — жеңіл трейл, оны балалардың өзі оңай еңсереді. Хайкинг Санта Хулиана ауылынан басталады. Ауылға Филиппин астанасы Маниладан автобуспен жетуге болады. Сол жерден жолсыз жерде жүретін көліктер алып кетеді, бірақ жолдың соңғы 7 километрін жаяу жүріп өтесіз. Жолда тау өзенінен асу керек, сондықтан су өткізбейтін аяқ киім кию міндетті.