
«Адамзат баласы табиғаттан алыстамауы керек» дегенді қазір жиі естиміз. Расында мыңдаған жыл бойы адам табиғатпен тығыз байланыста өмір сүрді: күн жарықта аңға шығатын, маусымына қарай шөп шауып, егін оратын. Қазір мұндай қимыл-әрекет өзгергендіктен, табиғи ритм бұзылды. Әр үйде жасанды жарық бар, жыл — он екі ай жалғасатын жұмыс, даланың суық екенін білдірмейтін құрылғылар бір қарағанда өмірді жеңілдеткенімен, екінші жағынан кері әсер етеді.
Маусымына қарай — шаруасы
Қазір біз табиғаттан алшақтап кеттік. Соның кесірінен үнемі шаршаңқы жүреміз, не істесек те көңіліміз толмайды, жөнді тыныға алмаймыз. Харвард денсаулық мектебі жасаған зерттеудің нәтижесінде табиғат ритмдерімен қатар ілескен кезде кортизол деңгейі азаятыны белгілі болған. Ал психолог Карл Оноре In Praise of Slow деген кітабында маусымға қарай ыңғайласу әлсіздік емес, қайта тұрақтылық стратегиясы дейді.
Жапондар мәдениетінде «ки-сэцу» деген бар. Ол — жыл маусымдарын сезіне отырып қабылдау. Ол жақта тіпті шай ішу ғұрпы да жыл мезгілдеріне қарай түрленіп отырады.
Тағы бір қызық жайт, Apple корпорациясының IT-мамандары мен Pixar креатив-мамандары шаруаларын маусымға бөліп қояды екен. Мысалы, күзде олар ауқымды брифиң өткізсе, қыста — идеяларды пісіреді, көктемде қанатқақты жобаларды бастайды да, жаз келгенде тұсаукесерін өткізеді. Еуропадағы ауыл шаруашылығы кооперативтері әлі күнге дейін «шаруалар күнтізбесімен» жүреді. Яғни жыл фазаларына қарай өнімдерді қашан жинайтынын, мамандарды қай кезде оқытатынын, инвестиция қашан салатынын — бәрін соған ыңғайластырады.
Енді оны өз кестемізге қалай қосамыз?
- Алдымен маусымдық аудит жүргізіп шығуыңыз керек. Ол үшін қолыңызға бір ақ парақ алыңыз. Сөйтіп оны төрт бөлікке бөліңіз: Көктем, Жаз, Күз, Қыс. Одан соң әр маусымның ішіне мыналарды жазасыз:
- Өзіңізді бұл кезде қалай сезінесіз? Физикалық, эмоциялық күйіңіз қандай болады?
- Осы уақытта ең жақсы айналысатын нәрсеңіз қандай?
- Не нәрсеге келгенде жасай алмай, тежеліп қаласыз?
- Осы маусымда қандай қажет туындайды?
- Бір жыл емес, алдағы 3 айға жоспар құрыңыз. Тоқсанға бөліп жоспарлаған өте ыңғайлы. Өйткені әр маусым өзі үш айдан тұрады. Осылайша әр тоқсанға бір стратегиялық мақсат қойыңыз. Мысалы: көктемде: бір өнім жасау, жазда: соны дамытуға күш салу, күзде: барынша жақсарту
- Қыста: талдау жасап, нәтиже шығару. Содан соң жақсылап тынығу.
- Mindfulness-ритуалдар жасап алыңыз
- Көктемде — идеяларды күнделікке түртіп жүруді әдетке айналдырыңыз.
- Жазда — онлайнда барынша аз уақыт өткізіңіз. Достарыңызбен араласыңыз.
- Күзде — ай сайын рефлексия жасап жүріңіз.
- Қыста — тыныштық орнатыңыз. Хабарламаларды шектеңіз, телефон ұстамайтын кездеріңіз болсын, жалғыз серуендеңіз.
- Маусымдық өлшем бірліктер қолданыңыз. KPI мен To-do тізімдердің орнына ритмдік көрсеткіштерді пайдалануға әдеттеніңіз. Яғни күш-қуатыңыз деңгейі қандай, өзіңізге қаншалықты көңіліңіз толады, аяқталған істердің саны қанша, басталмағандары ше?
Маусымдық бизнес-цикл қалай жасалуы керек?
Маусымы | Бизнесте не істеген абзал? | Жұмыс түрлері |
Көктем | Жаңа өнімдерді шығарып, идеяларды сынақтан өткізіңіз. | Прототип жасап, кездесулер өткізіп, стратегиялық сессиялар ұйымдастырған дұрыс. |
Жаз | Сатуға кірісесіз, өнімді өткізесіз, саяхаттаңыз, түсірілімдер жасаңыз. | Онлайн-сауда, коллаборация, жұрт алдына шығып сөйлеген жөн. |
Күз | Сапаны арттыру үшін анализ жасаңыз, қорытындылаңыз. | Іші процестер, апгрейдтер, сабақтар өткізген абзал. |
Қыс | Қаржыны жоспарлаңыз, демалыңыз. | Ретриттер, редизайн, workcation |
Фрилансерлерге арналған кесте
Жыл маусымына қарай қашықтан істейтіндер мен фрилансерлер былай қылса болады:
- Көктемде — Notion-тақтаға идеяларды сызып қойып, ойласуға арналған тайм-слоттар жасап, трендтерді зерттеп көріңіз.
- Жазда — медиа-контент жасап, сайт/портфолио құрастырып, дамыту үшін қандай құралдар қолданатыңызды реттеп алыңыз.
- Күзде — аналитика жасайтын жүйелерді пайдаланыңыз (Google Analytics, CRM), чек-листер жасаңыз.
- Қыста — шығындар жазылатын трекер жүргізіңіз, рефлексияға арналған күнделік бастаңыз, алға жоспар құрыңыз.
Егер командаңыз шағын болса, онда тоқсан сайын маусымдық сессиялар өткізуге бір күн арнаңыз. Ол ретрит сияқты өте ме, әлде Zoom-кездесу ме — көңіл қалауыңыз білсін. Мұнда команда болып жұмысты талқыламайсыздар. Басты мақсат ұжымның жағдайын сұрау, ресурс жетіп жатыр ма, энергия қаншалықты бар, қайда бағыт алып жатсыздар — осы туралы талқы жасау. Жақсы әсер етуге тиіс.
Балалар мен ата-аналарға арналған кеңестер
Табиғи ритмдерді балалардың бойына сіңіргеннен еш ата-ана ұтылмайды. Мысалы:
- Көктемде — көп серуендеп, сенсорлық ойындар ойнауға болады;
- Жазда — жолға шығып, қоршаған ортамен танысып, ел-жер көрген дұрыс;
- Күзде — сурет салып, жапырақ жинап, күнделік жүргізген абзал;
- Қыста — көбірек ертегі оқып, бірге тамақ істеп, тыныштықта ұзағырақ уақыт өткізген жақсы.
Балаңызбен бірге «Маусым шеңберін» жасап көрсеңіздер болады. Мұны визуал күнтізбе десе болады. Әлемде қай кезде не болып жататынын баланың көз алдына келтіріп тұрып түсіндірсеңіз, зейіні ашылып, қызығушылығы оянады.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін дұрыс To-do-list қалай жасалуы керек екенін жазған едік.