
«Jibek Joly» арнасындағы «Бүгін.Live» бағдарламасына ерлі-зайыпты кәсіпкер Шалғын Әузайт пен Ұлпан Жеңіс сұхбат берді. Бірлесіп блог жүргізетін ерлі-зайыпты теріс пікір жазатын оқырмандарға қатысты ойын білдірді.
«Өте көп болады менде. Менде иммунитет өмірге келгелі 2 сағаттан кейін бүкіл денеме, жан дүниеме, жүрегіме, миыма жеткен. Себебі анам өмірден қайтқан соң дүниеге деген менде үлкен құлшыныс, үлкен құштарлық болды. Көбісі айтып жатады интернет желісінде «енеңмен вайн жасайсың», жаман сөзбен айтқан кезде «күшік күйеу» деген де сөздер айтады. Білмеймін, сыртымнан ойлайтын адамдар мүмкін мен үшін алаңдап солай ойлайтын шығар.
Бірақ мен ешқандай уақытта біреудің сөзі, біреудің әңгімесіне мән бермеймін. Мүмкін енді Ұлпан екеуміздің дамып, өсіп жатқанымыз сол шектеуді алып тастағаннан шығар. Бәріне жағу мүмкін емес. Бірақ енді Құдайға шүкір, енеме «прикол» ұстап, екеуміз күліп отырамыз. Менің 98% оқырмандар – ауылдағы апалар екен. Соған рақмет. Батаны кім береді? Апа береді ғой. Баталы құл арымас дейді ғой. Басқалардың енді 2% ештеңе етпейді», – деді Шалғын Әузайт.
Шалғын өзінің неліктен декретке шыққаны жайлы айтып, өзгелерге осы жөнінде кеңес берді.
«Мен барлығына декретке шығып кетіңдер деп айта алмаймын. Өйткені кейбір мекеме орындары шығармайды, кейбір мекеме орындары шығарады. Мен енді ол кезде неге шықтым? Өйткені Ұлпан студент болды. Ұлпанның шәкіртақысы түкке жетпейді. Ал менің алатын айлығым 100 мыңға жетер-жетпес. Ал біздің ішіп-жейтініміз, күнделікті тұрмыста тұтынатынымыз өте жоғары болды. Сондықтан мен Ұлпанға айттым. Енді сен баламен үйде отырасың, декретке шығайын. Декретте маған қанша ақша түседі екен, көрейін енді дедім.
Бір жағы Ұлпан босанатыннан бұрын 9 ай бұған өтініш білдірдім. Әйтеуір, аман-есен босансаң, баланы маған қолыма бер, бағам деп таласпа, баланы мен бағайын, өтінішімді орында дедім. Бұл кісі өтінішімді орындады. Ұлпан 9 ай бала көтерген жайына қалды, әрі қарай баққанын айтсаңшы. Оның бәрін айтып, бір эфирде тауысу мүмкін емес. Ал енді барша декретке шығам дегендерге айтқым келеді: отбасылық жағдайға қараңыз, жарыңызға қараңыз. Біздің отбасымызда, біздің әулетімізде, менен кейінгі, менен бұрынғы өткен бізде отбасында әйел адамға, отбасындағы нәзік жандыларға құрметіміз бөлек», – деді ол.