Үкімет жаңартылатын энергия көздері саласында 91 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Үкімет жаңартылатын энергия көздері саласында 91 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр
Үкімет жаңартылатын энергия көздері саласында 91 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр/Фото: Энергетика министрлігі

Қазақстанда соңғы он жылда жаңартылатын энергия көздері нысандарының жалпы орнатылған қуаты 17 еседен астамға артып, 3082 МВт-қа жетті. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.

Министрлік мәліметінше, бүгінгі таңда «жасыл» генерация елдегі жалпы электр энергиясы өндірісінің 6,43%-ын қамтамасыз етіп отыр. Бұл жетістіктер мен алдағы жоспарлар Power Central Asia + China өңірлік энергетикалық форумында таныстырылған.

Министрлік мұндай динамиканы энергетикалық жүйені қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі ретінде сипаттайды. 2018 жылдан бастап іске қосылған ашық аукциондық механизм аясында 13 елден 260-қа жуық компания тартылған

«Инвесторлар үшін өңірдегі ең тартымды шарттар жасалған: 20 жылға дейінгі электр энергиясын сатып алу келісімшарттары, тарифтерді индекстеу, сондай-ақ инвестициялық преференциялар қарастырылған. Бұл саясаттың стратегиялық мақсаты – экологияны жақсарту ғана емес, сонымен бірге елдің энергетикалық тәуелсіздігін күшейту, заманауи технологияларды енгізу және жоғары білікті жаңа жұмыс орындарын құру», – делінген министрлік хабарламасында.

Жақын болашақтағы жоспарлар

– Ел бойынша 156 ЖЭК нысаны іске қосылған, оның ішінде 63 жел және 48 күн электр станциясы бар;

– 2025 жылы жалпы қуаты 455,5 МВт болатын тағы 9 нысан пайдалануға беріледі;

– Қытай, Франция, БАӘ және Ресейдің инвесторлары Қазақстанмен 5 ГВт-қа жуық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Үкіметтің мақсаты – елдің энергетикалық теңгеріміндегі ЖЭК үлесін 15%-ға дейін арттыру. Осы мақсатта 2030 жылға дейін жалпы қуаты 2258 МВт болатын 91 жаңа жобаны іске қосу көзделіп отыр. Сол арқылы ЖЭК-тің орнатылған жалпы қуаты 10 ГВт-қа жетеді деп күтілуде.

Бұған дейін, БҰҰ Қазақстандағы экожобалар үшін 280 млн доллар бөлетіні хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз