Ыстанбұлдағы ең арзан әрі дәмді көше тағамдары

Жарияланды 21 Маусым 2025 14:50

Динара Тілеубек

Динара Тілеубек

түрік тағамы
shutterstock

Түркия — қазақстандық туристер арасындағы ең танымал бағыттардың бірі. Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің дерегінше, 2024 жылдың маусым-тамыз айларында бауырлас мемлекетке Қазақстаннан 440 мың турист барған. Биыл жазда сіз де  Ыстанбұлға баруға шабадан жинап отырсаңыз, түрік асханасындағы мына тағамдардан дәм татпай қайтпаңыз:

Симит 

Түркиядағы ең танымал әрі арзан көше тағамы – симит. Көбі симитті жеңіл таңғы ас орнына алады.

Фото: shutterstock

Қала көшелерінде симит артқан қызғылт түсті арбалар жиі кездеседі. Симитті міндетті түрде жаңа піскен кезінде жеу керек. Ыстық симит жегіңіз келсе, firin деп аталатын наубайханаларды іздеңіз. Симиттің түр-түрі қажет болса, simit sarayi деп аталатын орындар бар. Үстіне күнжіт себілген дөңгелек нанды құр өзін немесе арасына май, ірімшік, шоколадты паста, зәйтүн, қызанақ, қияр қосып жейді. Ыстанбұлдың символына айналған суреттерде көбіне симит, түрік шайы мен теңіз бейнеленеді. Бағасы 10-20 лира (130-260 теңге).

Бөрек 

Ішінде ет, ірімшік, картоп сияқты әртүрлі қосындысы бар осман бәліші. Осман империясының ықпалымен бұл бәліш Түркиядан бөлек, Босния, Болгария, Хорватия сияқты елдерге де тараған. Бөректің бірнеше түрі бар:

  • Сигара бөрек — жіңішке әрі ұзын, көбіне ішінде ірімшік болады;
  • Су бөрек — жұмсақ, сулы, лазаньяға ұқсайды;
  • Қол бөрек — спираль сияқты орамаға ұқсайды.
Фото: shutterstock

Таңғы асқа көп шығындалғыңыз келмесе, borekci деген дәмханаға кіріңіз. Шай немесе айран жанына төменде көрсетілген бөректің бір-екі түрінен алсаңыз, түске дейін тоқ жүресіз:

  • Peynirli boregi — ірімшік қосылған
  • Ispanakli boregi — асжапырақ қосылған
  • Patatesli boregi — картоп қосылған
  • Kiymali boregi — тартылған ет қосылған

Бағасы 55 лирадан (715 теңге) басталады.

Кумпир 

Үлкен, сопақ формадағы картопты фольгаға орап пісіріп, ортасын жарып, езілген картопқа сары май мен ірімшік араластырады. Кейін ортасына таңдауыңызға қарай, зәйтүн, тұздалған қияр, шұжық, жасыл бұршақ, жүгері, оливье салаты, майонез, кетчуп немесе ащы соус қосып береді. Ыстанбұлдағы Ortakoy мешітінің жанында «кумпир көшесі» (kumpir sokak) бар. Ең дәмді кумпирді сонда сатады. Бағасы — 250-300 лира (3252-3900 теңге). 

Ши көфте 

Бұлғырдан жасалған шағын котлет. Бұрын ши көфтені шикі еттен жасайтын, бірақ санитарлық нормаларға байланысты көшеде термикалық өңдеуден өтпеген ет сатуға тыйым салынған. Сондықтан қазір ши көфте деген аты қалғанымен, өзі вегатариандық нұсқаға айналған. Ши көфтені жасыл жапыраққа орап, үстіне лимон шырынын құйып жейді. 40 лирадан (520 теңге) басталады.

Балық екмек 

Фото: shutterstock

Нанның арасына қуырылған майшабақ, пияз бен салат қосылған бутерброд. Галата көпірінің айналасында сатылады. Балық екмекті көшеде жегіңіз келмесе, көпір астындағы мейрамханалардың біріне немесе Karakoy балық базарына барыңыз. Бұрын балық екмек тек қалың нан арасына салынатын, қазір оны жұқа лаваш қамырына да орайтын болған.

Әсіресе, «Орел и решка» бағдарламасының түсірілімінен кейін көшеде балық екмек сататын Эмин ұста (Balikci Emin usta) танымал болып кетті. Ол дәстүрлі балық екмекке ұқсамайтын рецептімен, ішіне ащы соус қосып дайындайды. Балық екмек бағасы — шамамен 150-200 лира (1900-2600 теңге).

Күріш қосылған бақалшық (мидии) 

Түркияда үлкен таба көтеріп жүрген жігіттерді жиі көресіз. Олар бақалшық сатады. Пісірілген бақалшық үстіне дәмдеуіш пен күріш қосып, лимон шырынын құйып, бір алғанда, кемі 10 данадан жейді. Бақалшықтың 10 данасы 80 лира (1040 теңге) тұрады. 

Каштан 

Фото: shutterstock

Симит сияқты көшеде қызғылт түсті арбаларда сатылады. Жергілікті адамдардың кеңесі бойынша, каштан қарашадан наурызға дейін дәмді болады. Отқа қуырылған каштан дәмі піскен картопқа ұқсайды, өте тойымды тіскебасар. Бір қаптамасы 70 лирадай (910 теңге) тұрады.

Дондурма

Фото: shutterstock

Түрік балмұздағы. Дәміне қарағанда, сатушылардың оны қолыңа ұстатуы қызық. Балмұздаққа қолыңыз жеткенше, цирк сияқты тұтас бір қойылымға куә боласыз. Туристердің көбі осы шоуды жақсы көреді. 

Лахмаджун

Шығыс пиццасы. Өте жұқа қамырдан жасалады. Бетінде тартылған ет пен көкөністер болады. Үстіне пияз, аскөк салып, лимон шырынын сығып, жейді. 40 лирадан (520 теңге) басталады.

Гөзлеме 

Фото: shutterstock

Жұқа қамырдың арасына картоп, ірімшік, ет немесе саңырауқұлақ қосып пісіреді. Майға қуырмайды, құрғақ табада дайындайды. Орталық Азия халқына таныс чебуректің түрік баламасы. Бағасы 60 лирадан (780 теңге) басталады.

Локма мен халка

Ашыған қамырдан жасаған дөңгелекшелерді майға қуырып, үстіне қанттан жасалған сироп құяды. Локма мен халканың айырмашылығы сыртқы пішінінде ғана. Локма бауырсаққа, халка америкалық донатсқа ұқсайды. Тәттісүйер адам болмасаңыз, түрік тәттілерінің бір данасынан ғана дәм татыңыз. Әйтпесе, «қант комасына» түсіп қалуыңыз мүмкін:)

Жаңа сығылған шырын

Түркия көшелерінде ең жиі кездесетін сусын. Көз алдыңызда жемісті сығып, табиғи шырын дайындап береді. Ең танымал дәм түрлері — апельсин мен анар шырыны. Шырынды барлық жерде сатады, бірақ Стамбулда Galip Dede sokagi көшесінде сувенир дүкендерін аралап, шырын ұсынатын ондаған дүңгіршекті табуға болады. Бір стакан шырын көлеміне байланысты 30-50 лира (390-650 теңге) тұрады.

Пахлава мен кнафе

Фото: shutterstock

Кнафе — кадаиф қамыры мен ірімшіктен жасалып, үстіне тәтті сироп құйылған араб тәттісі. Пахлава — қатпарлы қамырдан дайындалатын шығыс десерті. Ішіне бал, жаңғақ сияқты әртүрлі қоспалар қосылады. Бір жақсысы, кнафе мен пахлаваның бір табасын емес, бір данадан сатып алып, дәм татуға болады. Екеуі де — қатты тәтті, сондықтан ағзаның саулығы үшін аз-аздан жеу керек. 

Поача

Ірімшік қосылған жұмсақ тоқаш. Тіскебасар, жеңіл таңғы ас болуға жарайды. Арзан тұрады, ірімшігі еріп тұрған ыстық күйінде жеген жақсы. Бюджетті туристерге таптырмас дәм.

Изгара кофте

Сиыр немесе қой етінен тартылған, отқа қақталып дайындалатын өте жұмсақ кәуап. Жанына лаваш қамырын, ащы бұрыш пен көкөністер, йогурт немесе қызанақ соусын қосып береді. Күріш немесе бұлғырмен алсаңыз, түскі немесе кешкі ас орнына жеуге болады. Әдетте көшеде шағын дүңгіршектерде сатылады, бірақ кофтенің түр-түрін жергілікті дәмханалардың бәрінен табасыз. 

Кокореч

Фото: shutterstock

Қойдың ішегі мен ішкі органдарын (жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек) отқа қақтап, ащы дәмдеуіштермен нанның арасына салып береді. Бұл — гастрономиялық тәжірибеге ашық адамдарға арналған тағам түрі. 

Сүтлач

Сүт қосылған күріш пудингі. Дәмі күріш ботқасына ұқсайды, тәтті болады. Десерт есебінде жүреді. Бағасы 25 лирадан (325 теңге) басталады.

Cондай-ақ саяхатқа жалғыз немесе топпен шыққаныңызға қарамастан, үнемі қаперден шығаруға болмайтын маңызды қауіпсіздік ережелері бар. Оларды ескеру денсаулығыңызды, ақшаңыз бен өміріңізді сақтап, саяхат кезіндегі көп қауіптің алдын-алуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз