
Қазір миллиондаған адам қашықтан жұмыс істей беретін болған. Кеңсесі басқа қалада тіпті елде болса да, өзіне қолайлы жерден тапсырмасын орындайтындар жетерлік. Осы ретте жұмыс ритмі мен орнына қатысты сұрақ туады. Өнімді жұмыс істеп, қажып кетпес үшін қай жерден және қалай жұмыс істеген абзал? Өзіңізге тән жұмыс ритмін қалай табуға болады? Осы туралы айтайық.
Фриланс еркіндіктің синонимі болмауы да мүмкін
Қашықтай істейтіндерге қатысты көп тарайтын аңыз: олар қашан және қай жақтан жұмыс істейтіндерін өздері шешеді. Иә, бұл сөздің жаны бар. Бірақ іс жүзінде үнемі бәрі солай бола бермейді. Кей жағдайда ортақ байламға келу керек болып қалады. Сондықтан фрилансерлерге де нақты жұмыс ритмі болғаны жақсы. Сонда прокрастинация, қажу сияқты проблема болмайды. Ал енді ритмді қалай жасаймыз? Ол үшін әркім өзіне үңілуі қажет. Сізге қай жерде, қашан және қалай жұмыс істеген қолайлы? Басқаларға қарамаңыз. Маңыздысы — сізге ыңғайлы жол табу.
Жұмыс ритмінің үш түрі
1. Мысық
Мұндай типтегілер үйде жатқанды жақсы көреді. Басқалардың көзіне түспей, жылы-жұмсақ орыннан қозғалмай істегенді құп көреді. Сүйікті шынаяғына өзі кофе демдеп, пижамасын киіп отырып істегенде жұмысы өнімді жүреді.
Жақсы жақтары:
- Бәрін өзіңізді қадағалап, бақылауда ұстайсыз
- Басқаларға алаңдамайсыз
- Отбасылы адамдар жағдайына қарай бейімдеп, ыңғайлап ала алады.
Жаман жақтары:
- Жұмыс пен демалыстың ара-жігін ажырату қиындап кетеді
- Бір орында жұмыс істей бергеннен тез қажып кетуіңіз мүмкін
- Қимыл-қозғалыс аз болады, адамдармен араласпай қаласыз.
Кеңесіміз: Үйдің ішінде «кеңсе» жасап алыңыз. Ол жерде тек жұмыс істеуіңіз керек. Шағын ғана бұрыш болса да жарай береді. Төсекте жатып жұмыс істеу дегенді сериалдардан көргенде әдемі болғанымен, шын мәнінде олай істемеген жақсы. Ми жақсы жұмыс істеуі үшін демалатын жер мен жұмыс істейтін жер бір болмауы керек.
2. Коуоркиң-көшпенділер
Мұндай типтегі адамдар айналада бәрі жұмыс істеп жатқан атмосферада жақсырақ ашылады. Жұмысы өнімдірек жүреді. Сондықтан кафе, коуоркиң, кітапханаға барып шаруасын бітіреді. Осындай «әлеуметтік фонмен» жұмыс істегенде ғана өзін жақсы сезінеді.
Жақсы жақтары:
- Айналадағы атмосфера жақсы
- Басқа жерге барып істеген кезде креатив артады
- Нетуоркиң үшін таптырмайтын тәсіл
Жаман жақтары:
- Күнделікті шығыны бар
- Айналадағы шу алаңдатады
- Zoom не call жасауға қолайсыз болуы мүмкін
Кеңесіміз: интернеті жақсы, тоғы бар, ноутбукпен отырғанда аларып қарамайтын жерлерді іздеңіз. Құлаққабыңызда шуды басатын режим болсын. Уақытқа қатысты шек қойып қойыңыз. Бір шыныаяқ қана кофе алып, 8 сағат отырып алуға тағы болмайды.
3. Хайбрид
Мұндай адамдар үйде де, жұмыста да істей береді. Кейде күндерге бөліп тастайды. Көбіне фрилансерлер мен дистанстан істейтіндер осылай жасайды.
Жақсы жақтары:
- Жағдайыңызға қарай бейімделесіз
- Үйде ешкім жоқ жерде істейсіз бе, әлде адамдары бар жерде істейсіз бе таңдай алған соң, баланс болады
- Сізде таңдау көп
Жаман жақтары:
- Ұйымдастыруға көбірек күш салу керек
- Жолда басқа нәрсеге алаңдап, фокус жоғалтып алуыңыз мүмкін
- Темірдей тәртіп керек
Кеңесіміз: сыртта істейтін күндерді күнделікке тізіп жүріңіз. Сөйтіп қай жерде қаншалықты өнімді істейтініңізді қараңыз. Трекиң жасап, уақыт пен энергияны өлшеп көріңіз.
Өз ритміңізді қалай таба аласыз?
1. Сырттай бақылап көріңіз
Бір апта бойы қалай жұмыс істегеніңізді бақылап жүріңіз.
- Қай жерде жұмысқа беріліп істеу оңайырақ болды? Фокус жоғалмайтын тәсіл қайсысы?
- Қай уақытта өнімдірек істейсіз?
- Не нәрсеге көп алаңдап кете бересіз?
2. Басқалардың сөзіне мән бермеңіз. Өзіңізді тыңдаңыз
Біреуге таңертең ерте жұмыс істеген жақсы. Енді біреуі ұйқысын қандырып барып, түстен кейін кіріскенді құп көреді. Кейбіреуі түске дейін — бір, түстен кейін бір жұмыс істеп, бөліп тастағанда өнімді істейді.
3. Түрлі тәсілді байқап көре беріңіз
Бір күні кофеханаға барып істеңіз. Ертесіне үйдегі «кеңседе» отырыңыз. Үшінші күні саябаққа барыңыз. Әрқайсысының нәтижесін түртіп алып отырыңыз. Міндетті түрде әйтеуір бір тәсіл өзіңізге ұнамды болады.
Тобықтай түйін
Жұмыс ритмі дегенде тайм-менеджмент туралы ғана айтпаймыз. Мұнда адамның өзіне, денсаулығына, психикасына деген қамқорлық жатыр. Біреу адам көп жерде жақсырақ жұмыс істеп, құдды жарысып отырғандай сезімде болғанды жақсы көреді. Енді бірі тып-тыныш жерде ғана істейді. Өзіңізге нақ ұнайтынын өзіңіз ғана таба аласыз. Ортақ стандарт деген жоқ. Өзіңізді тыңдаңыз. Әлі қолайлысын таппай жүрсеңіз, алаңдамаңыз. Іздеңіз, байқап көре беріңіз. Тек сол жолда өзіңізді қажытып алмасаңыз болғаны.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін жоспар құрғанда жыл маусымын ескерудің неліктен маңызды екені туралы жазған едік.