Қазақ қызы әлемге танымал әнші Андреа Бочеллимен бірге ән салады

Жарияланды 24 Маусым 2025 13:57

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Әйгерім Алтынбек Андреа Бочеллимен бірге дуэт айтады / коллаж: kursiv.media

Қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек әлемнің ең беделді театрларының бірі — Италиядағы «Ла Скала» академиясына қабылданып, Андреа Бочеллимен дуэт айтады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Алдын ала іріктеу кезеңіне 400-ден астам үміткер қатысып, олардың арасынан небәрі 12 үздік орындаушы таңдалған. Сол таңдаулылардың қатарында Қазақстанның атынан шыққан Әйгерім Алтынбек те бар.

Әйгерім — халықаралық вокалдық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері. Соның ішінде әйгілі композитор Джакомо Пуччинидің 100 жылдығына арналған байқауда жеңімпаз атанып, Италияның Модена қаласында өткен Николай Гяуров атындағы жарыста үшінші орын иеленді. Сонымен қатар, әлемнің 470 өнерпазы бақ сынаған Рената Тебальди атындағы халықаралық вокал конкурсында екінші орын алған. Әйгерімге атақты италиялық сопрано Мирелла Френидің арнайы сыйлығы да бұйырған.

Әйгерім Алтынбек маусымның 25-і күні әлемге әйгілі тенор Хосе Каррерастың концертінде өнер көрсетеді. Бұл кеште әйгілі опера ариялары мен дуэттер шырқалады. Ал 27–28 маусымда Неаполь қаласында өтетін Андреа Бочеллидің мерейтойлық концертіне қатысып, аты аңызға айналған әншімен бір сахнада дуэт орындайды.

Сондай-ақ оқыңыз