
Amazon компаниясының негізін қалаушы миллиардер Джефф Безос пен журналист Лорен Санчестің Венециядағы үйлену тойына танымал жұлдыздар мен саясаткерлер жиналды. Медиа салтанатты кешті «ғасыр тойы» деп сипаттады.
61 жастағы кәсіпкер Безос пен 55 жастағы журналист Санчес жұма күні некелеседі. Миллиардер үш күнге созылатын үйлену тойына шамамен 56 млн доллар жұмсады. Әлемнің әр түкпірінен Венеция әуежайына 90 чартерлі ұшақ қонды. Олар әлем жұлдыздары мен саясаткерлерді үйлену тойы өтетін қалаға жеткізді.
Reuters мәліметінше, тойдың құрметті қонақтары арасында Билл Гейтс, Орландо Блум, Том Брэди, Опра Уинфри, Крис Дженнер, Ким мен Хлои Кардашьян бар. АҚШ президентінің қызы Иванка Трамп, Джаред Кушнер және Доменико Дольче де осында жүр.
Леди Гага мен Элтон Джон сенбіге жоспарланған кеште өнер көрсетеді. Ал жұма күні жас жұбайлардың сақина алмасу сәтінде Маттео Бочелли ән салады. Ол әйгілі тенор Андреа Бочеллидің ұлы.
Джефф Безос – Amazon электронды сауда компаниясының негізін қалаушы. Ол Forbes миллиардерлер тізімінде 215 млрд доллармен үшінші орында тұр. Кәсіпкер журналист Санчеспен 2023 жылдан бері кездесіп жүр. Төрт жыл бұрын Безос 25 жыл отасқан Маккензи Скоттпен ажырасқан.







