
Алматы қаласында Әл-Фараби мен Назарбаев даңғылдарының қиылысында испан мүсіншісі Жауме Пленсаның алып мүсіні ашылды. Бұрымды қыздың алып басы миллионер Нұрлан Смағұловтың Almaty Museum of Arts ғимараты алдына орнатылды.
«Надэс» деп аталатын мүсіннің биіктігі 12 метр. Қос бұрымды әйелдің көзі жұмулы. Туынды — түйсікке терең үңілу, ішкі тыныштық пен жан-дүние символы.
«Мен нақты адамдармен жұмыс істеймін – олардың жүздерін сканерлеп, бейнені тұлғалық ерекшеліктер жойылғанша трансформациялаймын. Мен әр көрермен сол бейнеден өзін көрсе деймін. Бұл жүздер айнаға айналады», – дейді Жауме Пленса.
Мүсін авторы осы тәріздес мұндай туындыларын «жанның портреті» деп атайды. Олар қаланың қарбалас дыбысын бәсеңдетіп, көрерменді бір сәт тоқтап, өз-өзіне үңілуге, маңызды сұрақтар қоюға итермелейді.
«Біз мұражай жанында қаламыздың ажырамас бөлігіне айналардай ерекше бір туындының бой көтеруін армандадық. «Надэс» — өне бойына рух, қадір-қасиет һәм сұлулық сіңірген әйел бейнесі», – дейді Almaty Museum of Arts мұражайының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.
Қазақстандағы алғашқы жекеменшік заманауи өнер мұражайы — Almaty Museum of Arts 2025 жылғы қыркүйекте ашылады. Онда кәсіпкер, коллекционер әрі меценат Нұрлан Смағұловтың 700-ден астам өнер туындысынан тұратын бірегей жинағы ұсынылады.
Жауме Пленса 1955 жылы Барселонада дүниеге келген. Алматыға арнайы жасалған «Надэс» — суретшінің кейінгі жылдардағы ең ірі туындыларының бірі.