
Биыл күзде Астанада алғаш рет Backstreet Boys тобы концерт береді. Әлемге әйгілі топтың концертіне билеттерді сату 14 шілдеде басталады.
Backstreet Boys поп-тобының елордадағы концерті 21 қыркүйекте өтеді. Сахнаға топтың бастапқы құрамындағы бес мүшесі толық шығады: Ник Картер, Эй Джей Маклин, Хауи Доро, Кевин Ричардсон және Брайан Литрелл.
Концерттік бағдарлама барысында әлемдік чарттарда танымал болған басты хиттер орындалады. Атап айтқанда I Want It That Way, Everybody (Backstreet’s Back), As Long As You Love Me, Show Me The Meaning of Being Lonely, Shape of My Heart, сондай-ақ соңғы альбомдарынан жаңа әндер ұсынылады.
«Backstreet Boys тобының әлемдік турымен салыстырғанда, Астанадағы концерт билеттері өте қолжетімді болады. Билеттердің бағасы 40 мың теңгеден басталады. Мұндай топтың концертінен ерекше эмоциялар алуға болады деп ойлаймын. Біз алыпсатарлармен, әділетсіз баға қоюмен күресеміз. Бір қолға 4 билеттен ғана сатылады. Яғни, толық ашықтықты қамтамасыз етеміз», — деді «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
«Астана Арена» стадионында өтетін Backstreet Boys поп-тобының концертіне билеттер сату 14 шілде күні сағат 12:00-де басталады. Бұл күні Freedom Bank қосымшасында 24 сағаттық пресейл өтеді. 15 шілдеде сағат 12.00-ден бастап билеттерді Ticketon.kz сайтында сатып алуға болады. Онда 10 түрлі төлем жасау тәсілі қарастырылған, оның ішінде бөліп төлеу де бар.
Шоудың ерекшелігі — ақ түсті киім кию дресс-коды. Ұйымдастырушылар қазақстандық көрермендерді ақ киім киіп келуге шақырды.
Астанадағы концерттің ұйымдастырушысы — Astana Concert компаниясы. Концерт «Астана Арена» стадионында өтеді. Компания бұған дейін де ірі халықаралық жобаларды жүзеге асырған, соның ішінде 2025 жылдың 1 және 10 тамызына жоспарланған Дженнифер Лопестің концерттері бар.
Айта кетейік әйгілі топтың концерті Алматы қаласында да өтеді деп жоспарланған. 1990-жылдарда бүкіл әлемге танылған әнші жігіттер 2025 жылғы 19 қыркүйекте Орталық стадионда өнер көрсетеді.