
Бір қарағанда жай ғана балаларға арналған ойыншықтар – миллиардтаған долларлық индустрияның қозғаушы күші. Барби, Лего, Монстр Хай, Лол, Лабубу немесе Squishmallows секілді брендтер – әлемдік нарықты бағындырған бизнес феномендер. Олар әлеуметтік желілерді жаулап алып, коллекционерлер арасында қызу талас тудырып, баладан бастап ересекке дейін баурап алды. Бұл материалда біз миллиардтық табысқа жеткен ең танымал ойыншықтар мен олардың артындағы компаниялар туралы сөз қозғаймыз.
Labubu – Pop Mart (Қытай)

Лабубу ойыншықтарын 2010 жылы Гонгонктағы Касинг Лунг есімді суретші иллюстратор ойлап тапқан. Кішкентай сүйкімді құбыжықтар ойыншық қана емес коллекциялық фигуралар, акссесуар брелоктар ретінде ойластырылған. Бастапқыда көпшілік арасына танымал бола қоймады. 2019 жылы қытайлық Pop Mart компаниясы осы ойыншықтардың маркетингі мен сатылуын мойнына алады. Компанияның иесін қалаушы – кәсіпкер Ван Нин.
Айналымы: Pop Mart – дизайнерлік ойыншықтарды нарыққа шығуға бағытталған қытайлық компания. Былтыр жалпы табысы шамамен 1,8 млрд долларды құрады, оның ішінде Labubu сериясы 0,4 млрд доллар кіріс әкелді.
Неге танымал? Компания ойыншықтарды сатуда маркетинг құралдарын, әлеуметтік желіні жақсы қолданды. Лабубу ойыншықтары қорапқа салынған, оны ашқанға дейін қандай қуыршақ шығатынын білмейсіз. Соның өзі адамдардын назарын аудара түседі. Бұл тәсіл Z‑буынға ерекше өтті. Дуа Липа, Blackpink тәрізді жұлдыздардың қуыршақтарды сөмкесіне тағып шығуы да танымал ете түсті.
Monster High – Mattel (АҚШ)

Monster High – әлем бойынша танымал, ерекше стилімен көзге түскен қуыршақтар бренді. Бұл ойыншықтар өзге қуыршақтардан өзгешелеу: олар — түрлі қорқынышты кейіпкерлердің (құбыжықтар, вампирлер, зомбилер, мумиялар және т.б.) ұрпақтары, бірақ солай бола тұра өте сәнқой, заманауи, мінезі бар жасөспірімдер ретінде бейнеленген.
Айналымы: Бұл қуыршақтарды 2010 жылы Гари Андерсон және Аретта Шпрайт ойлап тапқан. Бар болғаны үш жыл ішінде құбыжық қуыршақтар 1 млрд доллар айналым жасады. Ал 2013 жылы Mattel компаниясы таза кірісінің 500 млн долларға жеткенін жариялады
Неге танымал? Monster High қуыршақтары әртүрлі, әрқайсысы ерекше кейіпкер. Кейін Monster High жайлы мультсериалдар да шықты, бұл ойыншықтың танымалдылығын одан әрі арттыра түсті.
Barbie – Mattel (АҚШ)

Барбиді алғаш рет 1959 жылы Рут Хэндлер шығарған. Сол уақыттан бері әлемдегі ең танымал және ең ұзақ өмір сүріп келе жатқан қуыршақ брендтерінің бірі. Ол тек ойыншық емес, сонымен қатар бірнеше ұрпақтың балалық шағының ажырамас бөлігі, мәдени құбылыс, әрі үлкен бизнес империясының негізі.
Айналымы: Барби қуыршағының алғашқы бағасы 3 доллар болған. Қазір кейбір коллекциялық нұсқалар мыңдаған долларға сатылады. Қазір Mattel компаниясы Барби қуыршағы арқылы жыл сайын 1 млрд доллардан астам табыс табады.
Неге танымал? Барби тек қуыршақ қана емес. Ол ұшқыш та, дәрігер де, ғарышкер де, президент те, балерина да бола алады. Барби 200-ден астам кәсіп түрін «атқарған». 2023 жылы Марго Робби мен Райан Гослинг басты рөлде ойнаған «Barbie» фильмі әлем бойынша бір млрд доллардан аса табыс тауып, ең кассалық туындылардың қатарына кірді.
LEGO – LEGO Group (Дания)

LEGO – кішкентай пластик бөлшектерден (блоктардан) тұратын ойыншық. Олардың бәрі бір-біріне дәл сәйкестеніп қосыла алады, сол арқылы бала өз қиялындағы кез келген дүниені — үй, көлік, робот, ғарыш кемесі, қала, тіпті адам бейнесін құрастыра алады.
Айналымы: Құрастырмалы ойыншықтарды 1932 жылы даттық Оле Кирк Кристиансен ойлап шығарды. Бүгінде LEGO Group әлемдегі ең ірі ойыншық өндірушілердің бірі. 2023 жылы компанияның табысы 10 млрд доллардан асты. Әр секунд сайын әлемде 7 дана LEGO бөлшегі сатылады.
Неге танымал? Леголар арқылы қарапайым үйлерден бастап, күрделі роботтарға дейін жасауға болады. Тіпті инженерлер мен ғалымдар да LEGO-ны прототип жасауда қолданады. Балалар мен ересектер арасында First LEGO League атты жарыстар өтеді.
Squishmallows – Jazwares, Kelly Toys (АҚШ)

Squishmallows – бұл жұмсақ, үлпілдеген, marshmallow (зефир) сияқты текстурасы бар плюш ойыншықтар. Әрқайсысының аты, мінезі, туған күні мен «өмірбаяны» бар. Squishmallows-тың өз әлемі, мультфильмдері мен TikTok трендтері бар.
Айналымы: 2022 жылы 100 млн-нан аса Squishmallows ойыншықтары сатылды. Осыдан кейін брендті Jazwares (қазіргі Kelly Toys) компаниясы сатып алды. 2023 жылы компания айналымы 1 млрд доллардан асты. Squishmallows – Amazon мен Target сияқты дүкендерде ең көп сатылған ойыншықтардың бірі болды.
Неге танымал? Бұл ойыншықтар қолға ұстағанда, құшақтағанда ерекше сезім береді. Сондықтан көп адам оны стресс басу үшін де қолданады. TikTok пен Instagram-да Squishmallows туралы видео, «haul» және «unboxing» контенттері миллиондаған қаралым жинады. Осыдан кейін сұраныс күрт өсті.
LOL Surprise қуыршақтары – MGA Entertainment (АҚШ)

Lol Surprise – бірнеше қабатпен оралған қуыршақтар. Әр қабатта киім, аяқ киім, аксессуар, бөтелке, т.б. бар. Ал ең соңында кішкентай сәнқой қуыршақ жасырылған. Олар fashion-индустриядағы трендтерге сай киінеді, шаш үлгісі мен аксессуарлары да ерекше.
Айналымы: Бұл қуыршақтарды 2016 жылы MGA Entertainment компаниясы шығара бастады. Lol Surprise – бірнеше жыл қатарынан Walmart, Amazon, Target сияқты алпауыттарда ең үздік ойыншық атағын алды. 2021 жылға дейін 1 миллиардтан астам қуыршақ сатылған.
Неге танымал? Қуыршақтардың қаптамаға оралып жасырынуы, оған қоса аксессуарларымен бірге берілетіндігі танымалдылығын арттыра түсті. Олар түстерін өзгертеді, су шашады немесе «жылайды», т.б. Әр қуыршақтың аты, стилі, кейде кәсібі мен «өзіне тән мінезі» болады. Тек балалар ғана емес, коллекционерлер арасында да нағыз құбылысқа айналды.