Comic Con Astana-2025: фестиваль қонақтар санымен рекорд орнатты

Жарияланды 14 Шілде 2025 18:17

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Фестивальге 120 мыңнан астам адам қатысты / Фото: Comic Con Astana фестивалінің баспасөз қызметі

Comic Con Astana-2025 фестиваліне бес күннің ішінде 120 мыңнан аса адам қатысты.  Осыған дейінгі өткізілген фестивальдермен салыстырғанда рекордық көрсеткішке жетіп отыр.

Жалпы биылғы Comic Con Astana фестиваліне 75 000-нан астам бірегей келуші тіркелген. Бес күнге созылған шара барысында көрермендер саны күн сайын артып отырды: бірінші күні – 13,5 мың, екінші күні – 15,5 мың, үшінші күні – 14,5 мың, төртінші күні – 19,5 мың және соңғы күні – 12,2 мың адам келген.

«Фестивальге 10 000-нан астам шетелдік қонақ қатысып, олардың келу географиясы 36 елді қамтыды. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Франция, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Тайланд, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия, Молдова, Оман және тағы басқа елдер бар,»– деп хабарлады ұйымдастыру комитеті.

Фото: Comic Con Astana фестивалінің баспасөз қызметі

Ұйымдастырушылар Comic Con Astana жыл сайын қонақтар саны, халықаралық жұлдыздар және экономикалық әсері  жағынан да өсіп келе жатқанын айтады. Туристің қалада бір күндік орташа шығыны 118 мың теңге болса,  олардың орташа сапар ұзақтығы – 3 күнге дейін созылған.

Фото: Comic Con Astana фестивалінің баспасөз қызметі

«Осылайша, шетелдік қонақтардың келуі есебінен елорда мен жалпы ел экономикасына күтілетін мультипликативтік әсері 3,5 миллиард теңгеден асады. Бұл мұндай ауқымды шаралардың Қазақстанның мәдени және экономикалық дамуына үлкен үлес қосатынын көрсетеді», делінген хабарламда.

 Кімдер қатысты

 Comic Con Astana-2025 фестивалінің басты хедлайнерлері қатарында Энди Серкис («Сақиналар әміршісі», «Маймылдар планетасы», «Бэтмен»), Эсай Моралес («Озарк», «Миссия невыполнима»), Скотт Эдкинс («Неоспоримый» фильмдерінің жалғасы, «Доктор Стрэндж») бар. Арнайы шақырылған қонақтар қатарында «Бумажный дом» сериалын түсірген режиссёр Мигель Анхель Вивас, «Гойя» марапатының бес бірдей салтанатты рәсімін ұйымдастырған продюсер Эмилио А. Пина, танымал видеоблогерлер Marmok, Qewbite, Настя Джексон, Антон Милс және әлемге әйгілі косплей шеберлері Яя Хан мен Cinderys және басқа да көптеген жұлдыздар бар.

Фото: Comic Con Astana фестивалінің баспасөз қызметі

Фестиваль аясында Қазақстан мен Испанияның алғашқы бірлескен халықаралық жобасы – «Бітім» (La Tregua) фильмінің таныстырылымы өтті. Бұл жоба Netflix секілді жаһандық стриминг платформасына және халықаралық прокатқа арналған.

«Авторлар аллеясында және жәрмеңке аймағында 150-ден астам қазақстандық суретші мен қолөнерші өз жұмыстарын ұсынды. Олар – түрлі жанрларда еңбек ететін жас таланттар. Comic Con Astana жас суретшілер, комикс авторлары, аниматорлар, дизайнерлер мен ойын әзірлеушілер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын платформа ретінде өзін дәлелдеді, себебі олар осы жерде өз аудиториясын, серіктестерін және инвесторларын таба алады», деп мәлімдедіфестиваль баспасөз қызметі.

Фото: Comic Con Astana фестивалінің баспасөз қызметі

Алдын ала бағалау бойынша, Comic Con Astana-2025 фестивалінің жалпы медиалық қамтуы 200 млн адамнан асты.

Айта кетейік, 2019 жылы негізі қаланған Comic Con Astana аз уақыт ішінде Орталық Азиядағы ең ірі гик және поп-мәдениет фестиваліне айналып үлгерді. 

Фестиваль Астана қаласы әкімдігінің және «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының қолдауымен өтті.

Сондай-ақ оқыңыз