Солтүстік Кореядан қашып келген жігіттер K-pop тобын құрды

Жарияланды 18 Шілде 2025 09:14

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Жаңадан құрылған K-pop тобы 1VERSE деп аталады / фото: REUTERS/Kim Soo-hyeon
Жаңадан құрылған K-pop тобы 1VERSE деп аталады / фото: REUTERS/Kim Soo-hyeon

Жұма, 18 шілдеде K-pop стиліндегі жаңа жігіттер тобы өзін бүкіл әлемге таныстырды. Бес әншіден тұратын топтың екі мүшесі кезінде Солтүстік Кореядан қашып келген. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

«Ғалам» деген мағынаны білдіретін 1VERSE тобының альбомында әлемдегі ең жабық мемлекеттердің бірінен қашу туралы бір ән бар. Топ шамамен 20 жастағы бес жігіттен құралған. Олардың есімдері: Хёк, Сок, Айто, Натан және Кенни.

Топтың алғашқы албомы 18 шілдеге қараған түні жарияланды. Шағын альбом «The 1st Verse» деп аталады. Оған үш трек кірді. Басты сингл «Shattered» деп аталады. Әннің бейнебаяны бір сағат бұрын жарияланды. Ән ағылшын тілінде.

25 жастағы Ю Хёк Солтүстік Кореяның солтүстік-шығысындағы Кёнсон өңірінде туған. 2013 жылдан бері Оңтүстік Кореяда тұрады. Ол КХДР-де тоғыз жастан бастап жұмыс істеуге мәжбүр болған. Кейде тамақ табу үшін ұрлық та жасаған.

«Мені ұрлық жасағаным үшін ұстап алып, қанжоса етіп сабады. Қарным аш еді. Тірі қалу үшін ұрлыққа баруға тура келді», – дейді әнші Ю Хёк Reuters агенттігіне.

Хёк Солтүстік Кореядан Қытайға қашқан. Кейін оны бұған дейін қашып кеткен анасы іздеп тапқан.

Әншінің айтуынша, «Shattered» әні оның Солтүстік Кореяда қалған әкесі қайтыс болғанын естіген кездегі сезімін білдіреді.

Солтүстік Кореядан қашып келкен Ким Сок та 25 жаста. Оның балалық шағы Қытай шекарасына жақын шағын қалада өткен. Сок 20 жасқа толғанда әкесімен, әжесімен бірге Солтүстік Кореядан қашып шықты. Қазір олар Оңтүстік Кореяда тұрып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз