
Саяхатқа ел таңдауды Instagram-дағы әдемі фотолардан емес, қарапайым сұрақтан бастау керек. «Ел аралауға қанша ақша жұмсай аламын» – алғашқы сауал осы. Себебі бағыт пен бағдарды дәл осы бюджет айқындайды. Азия ма, Еуропа ма, әлде туған елге жақын бір аймақ па? Алдымен жалпы шығынды есептеген дұрыс. Оның ішінде ұшақ билеттері, тұру ақысы, тамақтану, көлік, ойын-сауық пен ұсақ шығындар. Егер қолыңызда небәрі 1000 доллар болса, оның жартысы тек ұшақ билетіне кетуі мүмкін. Онда көрші мемлекеттерге назар аударған жөн.
Қайда тұруға болады және қанша жұмсалады?
Келесі маңызды қадам – баратын елдегі бағаларды бағамдап алған абзал. Кейбір аймақтарда бір күнге 20-30 доллар жеткілікті болса, басқа жерлерде бір шыныаяқ кофе де сонша тұруы мүмкін. Оңтүстік-Шығыс Азия, Оңтүстік Кавказ, Орталық Азия – бюджет шектеулі кезде саяхаттауға қолайлы өңірлер. Таиланд, Вьетнам, Грузия, Албания елдерінде жақсы хостелде тұрып, дәмді әрі арзан тамақтанып, көрікті жерлерді тегін немесе өте қолжетімді бағамен тамашалауға болады. Ал Жапония, Швейцария, Исландия секілді елдерге бару үшін қомақты бюджет қажет.
Қай уақытта бару тиімді?
Мезгіл – бағаларға тікелей әсер ететін фактор. Мысалы, Еуропада жазда, Балидағы қыс мезгілінде – ұшақ билеттері мен қонақүй бағасы күрт өседі. Көктем мен күз – аралық маусым, яғни баға мен қолайлылық арасындағы тамаша теңгерім. Турист аз, ауа райы жайлы, бағалар қалыпты. Ал Оңтүстік-Шығыс Азияға саяхат жасау уақыты климаттық ерекшеліктерге және саяхат мақсатына тікелей байланысты. Халықаралық беделді ұйымдардың мәліметінше, бұл өңірге баруға ең қолайлы кезең – қараша мен ақпан аралығы, яғни құрғақ маусым.
Ал Еуропаға халық аз саяхаттайтын маусым қараша айы. Бұл уақытты ең үнемді кезең деп атауға болады. Бірақ мұндай кезде ауа райы жауын-шашынды, күн қысқа, кейбір мекемелер жабық болуы мүмкін. Егер сіз үшін ең бастысы тыныштық пен ақша үнемдеу болса бұл кезең таптырмас мүмкіндік. Ал Оңтүстік-Шығыс Азияға мамыр мен қазан аралығында саяхаттамаған абзал. Көптеген елдер үшін (мысалы, Таиланд, Вьетнам, Камбоджа, Лаос, Мьянма) мамыр мен қазан аралығы – жауын-шашынның мол түсетін уақыты, яғни муссон маусымы. Бағасы арзан болғанымен күн райы қолайсыз.
Виза да шешуші фактор
Шет елге саяхатты жоспарлағанда, бірінші кезекте визалық талаптарды да ескеру қажет. Егер сіз барғыңыз келетін елге виза алу қиын немесе қымбат болса, бұл тек қосымша шығын ғана емес, сонымен қатар уақыт жоғалту. Қазақстан азаматтары үшін визасыз баруға болатын 70-тен астам ел бар, оның ішінде Түркия, Оңтүстік Корея, Малайзия, Грузия, Сербия секілді танымал бағыттар бар. Бұл саяхатты жеңілдетеді әрі арзандатады. Жолға шығар алдында 1-2 ай бұрын елдің визалық режимін қайта тексеріңіз. Себебі ережелер жыл сайын өзгеріп тұрады.
Саяхат стилі де шығынға әсер етеді
Бір елдің өзінде әртүрлі тәсілмен саяхаттауға болады. Бір адам – рюкзакпен жүрген бэкпэкер, екіншісі – чемоданмен жүрген турист. Бірі гестхауста тұрып, көше тағамын жесе, екіншісі, бутик-қонақүйді таңдап, мейрамханада кешкі ас ішеді. Бюджет үнемдеу үшін қандай ымыраларға дайын екеніңізді алдын ала ойланыңыз. Біреуге шатырда түнеген қызық оқиға болса, ал енді біреуге қолайсыздық тудыруы мүмкін. Бірақ, көбінесе, неғұрлым қарапайым саяхаттасаңыз, соғұрлым көп елдер сізге қолжетімді болады.
Үрдіске ермеңіз – өз бағытыңызды табыңыз
Танымал бағыттар әрдайым ыңғайлы әрі жайлы бола бермейді. Париж, Бали, Мальдив – атауы әдемі, бірақ олармен бірге қымбатшылық пен туристердің легі ағылып жатады. Ал аз танылған, бірақ әдемілігі кем түспейтін елдер көп. Мысалы, Италияның орнына –Словения, Испанияның орнына – Португалия, Амстердамның орнына – Братислава. Мұндай баламалар сізге жаңа әсер сыйлап қана қоймай, қаражатыңызды да үнемдейді.
Әлем кең, таңдау көп
Ел таңдағанда міндетті түрде шетелге шығу керек деп ойламаңыз. Кейде туған ел ішінде немесе көрші мемлекеттерге саяхаттау әлдеқайда әсерлі болуы мүмкін. Қазақстанның ішкі туризмі немесе Орта Азия елдері де таңқалдырып, шабыттандыра алады. Бастысы – Instagram-дағы картиналарға емес, өзіңіздің мүмкіндігіңіз бен қызығушылықтарыңызға сүйеніп шешім қабылдау.
Саяхат ешқашан қаржылық тұрақтылығыңызға қауіп төндірмеуі керек. Ол қарызға батыратын емес, шабыттандыратын дүние болуға тиіс.
Еске сала кетсек, Бұған дейін Қазақстандағы ең әдемі әрі көрікті жерлердің ондығы туралы жазған еді. Сайын даласы мен асқар таулары көз тартатын мекенде туристер баратын локациялар көп.