15 тамыз – Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл

Жарияланды 15 Тамыз 2025 09:25

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
15 тамыз – Шәмші Қалдаяқов туғанына 95 жыл / фото: diapazon.kz

Қазақ музыкасының тарихында өшпес із қалдырған сазгер, «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келді.

Шәмші Қалдаяқов 40 жылдан астам шығармашылық жолында 300-ге жуық ән жазды. 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын иеленсе, 1991 жылы Қазақстан Республикасының Халық әртісі атағы берілді.

1950 жылдан бастап шығармашылықпен айналысқан Шәмшінің әндері елге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген шексіз сүйіспеншілікке толы болды. Әндеріне Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов сынды ақындар өлең жазды.

Қазақтың кең даласын жырға қосқан «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен» сынды әндері халық жүрегінен орын алды. Ал шаттыққа толы «Бақыт құшағында», «Отырардағы той», «Бәрінен де сен сұлу» шығармалары 60–70 жылдары сазгердің танымалдылығын тіпті арттырды.

Шәмшінің әндері әлі күнге дейін халықтың жадында сақталып, шырқалып келеді. Kursiv.Media солардың бір-екеуінің тарихына тоқталып өтті.

«Менің Қазақстаным» – халық рухын оятқан ән

Тәуелсіз Қазақстанның әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әнін де кезінде Шәмші Қалдаяқов жазған.

Әдетте вальс ырғағында ән жазатын Шәмші үшін марш стиліндегі патриоттық ән жазу оңайға соқпады. Дегенмен ел басына туған қиын шақта өз шабыты мен азаматтық ұстанымын бір арнаға тоғыстырып, халықтың рухын көтеретін шығарма тудырды.

Сол жылдары КСРО басшысы Никита Хрущевтің қазақ халқына деген кереғар саясаты шегіне жетіп, еліміздің солтүстік облыстарын бөліп алып, «Целинный край» деп атау туралы шешім қабылданды. Бұл хабар ел ішінде үлкен наразылық туғызды. Дәл осындай күрделі кезеңде жас композитор Шәмші Қалдаяқов өзінің консерваториядағы досы, дарынды ақын Жұмекен Нәжімеденовке «Менің Қазақстаным» әніне сөз жазуды ұсынады.

Алтын қорда Шәмші бір естелігінде:

«1956 жылдары «Менің Қазақстаным» әнін жазбасқа болмады. Солтүстіктегі бес облысымызды «Целинный край» деп бөлгісі келді. Халық у-шу, көтерілейін деп қалды. Осы оқиғаға байланысты мен ұран ән жазуға бекіндім. Музыкасын жазып, Жұмекенге сөзін жаз деп ұсыныс жасадым. Ол бірден келісті. Ән дайын болғанда, оны Жамал Омароваға бердік. Ол кісі бірден ұнатып, радиоға жаздырды. Аптасына екі рет, тіпті күн сайын бір-екі мәрте эфирден беріліп тұрды. Қазақ жері бөлшектелгелі жатқанда, оның тұтастығын жырлайтын ән қажеттігін сезіндім», – деген.

Осылайша, халықтың жүрегіне жол тапқан «Менің Қазақстаным» елдік пен бірліктің символына айналды. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасында жастар осы әнді алаңда асқақтата шырқады. Ал 2006 жылы туынды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.

«Ана туралы жыр» – жүректен туған ән

Шәмші Қалдаяқовтың ана тақырыбына арналған шоқтығы биік туындысы – «Ана туралы жыр». Бұл әннің туу тарихының өзі бір үлкен толқыныс тудырады. Композитор консерваторияда оқып жүргенде анасынан айрылып, ауыр қазаға душар болады. Алматыға оралған соң, замандастарына анаға арнап ән жазғысы келетінін айтып, сөз жазатын адам іздейді.

Достары оны ақын Ғафу Қайырбековке жолықтырады. Себебі Ғафу да анадан ерте айырылған еді. Екі мұңдас бір-бірін сөзсіз түсініп, бірге «Ана туралы жырды» дүниеге әкелді. Бұл ән кез келген жанның жүрегін елжіретіп, анаға деген сағынышты оятады.

Бүгінде қазақ вальсінің короліне деген құрмет ел ішінде ерекше. Түркістан облысында Шәмші Қалдаяқов атында филармония, мектептер мен көшелер бар. 2017 жылы «Хабар» арнасы сазгердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ән аға» атты телесериал түсірді.

Еске сала кетейік, биыл ел көлемінде қазақтың ұлы ақыны Абайдың 180 жылдығы аталып өтті. Сондай-ақ қазақтың маңдайына туа біткен тағы бір компазитор Нұрғиса Тілендиев 100 жылдығы өтті.

Сондай-ақ оқыңыз