
Димаш Құдайберген Қазақстанда жаңа халықаралық музыкалық реалити-шоудың түсірілімін бастады. Жоба қытайлық Hunan TV медиа холдингі мен бас продюсер Цай Хуайцзюньмен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Бұл шоуда Димаш атқарушы продюсер рөлін атқарады.
Түсірілім 8 қыркүйектен 29 қыркүйекке дейін Түркістан, Алматы, Ақтау және Астана қалаларында өтеді. Бағдарламада түрлі елдерден келген вокалистер бақ сынап қана қоймай, Қазақстанның әсем табиғаты мен мәдени байлығын да көрерменге паш етеді.
Жоба әлемнің түкпір-түкпірінде көрсетіліп, миллиондаған көрерменге Қазақстан мәдениеті мен жаңа музыкалық таланттарды таныстырады.
Димаш Құдайберген үшін бұл ерекше кезең: он жыл бұрын ол өзінің халықаралық сахнадағы жолын дәл осы Hunan TV арнасындағы «I Am Singer» жобасынан бастаған еді.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде тарап кеткен Димаш Құдайберген мен Айару Бақытбекке қатысты түрлі қауесеттерге әншінің әкесі Қанат Айтбаев пікір білдірген еді.