
Тамыз қорытындысы бойынша, теңге бағамы бір доллар үшін 538,60 теңгеге яғни 0,4%-ға нығайды. Қор биржасындағы сауда-саттықтың бір айлық көлемі 260 млн доллардан 217 млн долларға дейін төмендеді. Жалпы сауда-саттық көлемі 4,6 млрд долларға тең. Бұл туралы Ұлттық банктен хабарлайды.
Реттеушінің есебінше, Ұлттық қордан 420 млн доллар сатылған. Одан түскен қаржы «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салуға қатысты жобаларды қаржыландырады.
Одан бөлек республикалық бюджетке трансферт бөлуге мүмкіндік береді. Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімі бойынша, қыркүйекте Ұлттық қордан 400-500 млн доллар сатады деген жоспар бар.
Реттеушінің «айна» операциясының аясында тамызда нарықтан 290 млрд теңге алынды. Қыркүйекте дәл осы мақсатта шамамен 290 млрд теңге баламасында валюта сату жоспарланып отыр.
«Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу, сондай-ақ «айналау» тетігін іске асыру кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды, ол шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді», – деп хабарлайды қаржы мекемесінен.
Тамыз айында валюталық интервенция жүргізген жоқ деп мәлімдейді Ұлттық банктен. Сондай-ақ БЖЗҚ валюталық активтерінің үлесі осыған дейінгі жоспарға сәйкес шамамен 40% екенін ескере отырып, зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Қыркүйекте де валюта сатып алу жоспарланбайды.
Еске салайық, тамызда Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім шығарып, оны тағы да 16,5% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды. Бірақ елдегі макроэкономикалық жағдай өзгермей, инфляция қарқыны күшейіп жатса, оны көтеруі мүмкін екенін ескертті.