
KOMPAS туроператоры Сауд Арабиясына ерекше Умра мен халал-круиз бағытын ұсынды. Бұл бағдарлама мұсылман туристеріне бір сапардың ішінде Мекке мен Мәдинада умра жасап, кейін Қызыл теңізде халал-круизге шығуға мүмкіндік береді.
Туроператордың халал-туризм департаментінің жетекшісі Гүлфайрус Сариеваның айтуынша, басты артықшылық – шариғат талаптарына толық сай отбасылық демалыстың қолжетімді болуы. Оның сөзінше, мұсылман отбасылары үшін халал форматтағы толыққанды демалыс әрқашан өзекті мәселе болған, енді бұл тур сол олқылықтың орнын толтырады.
Жаңа бағдарламаға түрлі санаттағы туристер қатыса алады. Мұнда умра жасап, теңізде демалуды қалайтындар да, дінді еркінірек ұстанатындар да, Сауд Арабиясының тарихы мен мәдениетіне қызығатын мұсылман емес саяхатшылар да бар. Турға Джидда қаласында қонақүйде тұру, Мәдинадағы тарихи орындарға бару, теңіз круизі және умра рәсімі кіреді. Бағдарлама Қазақстан азаматтарымен қатар Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресей тұрғындарына да қолжетімді. Алматы мен Астанадан Air Astana әуе компаниясының тікелей рейстері қарастырылған.
Aroya Cruises лайнерінде барлық жағдай жасалған. Балалар үшін жас ерекшелігіне қарай ойын-аймақтары бөлінсе, бассейндер де туристердің қалауына қарай ұйымдастырылған. Мәселен, 16-палубада отбасылық бассейн болса, 18-палубадағы бассейн таңертең тек әйелдерге, түстен кейін ерлерге арналады. Ең бастысы, бұл круиз халал стандарттарына сай: бортта алкоголь де, казино да болмайды.

Турдың бағасы қанша?
Жеті түндік турдың құны 1650 доллардан басталады. Бұл бағаға 6 сағаттық әуе рейсі, «Ароя» лайнерінде 3–4 түн тамақпен, Мекке мен Мәдинада бір-екі түн қонақүйде таңғы аспен, трансфер, виза, туркод пен медициналық сақтандыру кіреді. Бағдарлама 28 қыркүйектен 14 қаңтарға дейін қолжетімді. Ал қаңтардан кейін лайнер Малайзияға бағыт алады.
KOMPAS туроператоры алдағы уақытта халал-туризмнің жаңа бағытын ұсынбақ. Келесі жылы компания «Rixos плюс умра» атты өнімді таныстырмақ. Бұл бағдарлама Джиддадағы жаңа ашылған Rixos қонақүйінде жағажайлық демалыс пен умраны біріктіреді.
Сауд Арабиясы туристік визаларды тек 2019 жылдан бастап бере бастады. Бұған дейін елге тек қажылық мақсатында ғана баруға болатын. Еске сала кетейік, Қазақстанда қажылыққа лицензиясы бар ғана ресми туроператорлар апара алады.