
Apple-дің жаңа смартфоны – iPhone 17 биыл 19 қыркүйекте сатылымға шығады. Жаңа гаджеттің бағасы әлемде ғана емес, Қазақстанда да қызу талқыланып жатыр. Осы ретте finprom.kz жаңа айфонды сатып алу үшін Қазақстан тұрғыны қанша күн жұмыс істеу керек екенін есептеп шығарған.
Ең арзан нұсқасы, яғни 128 ГБ жадпен шыққан iPhone 17 АҚШ-та 799 долларға сатылмақ. Ұлттық банктің 10 қыркүйектегі бағамымен бұл шамамен 429 мың теңгені құрайды. Ал қазақстандықтар жиі таңдайтын 256 ГБ нұсқасы 482,8 мың теңгеге тең. Үлкен жадқа ие Air, Pro және Pro Max модельдерінің бағасы тіпті 590 мыңнан 912 мың теңгеге дейін барады.
Халықаралық Numbeo.com сервисінің деректері бойынша, Қазақстан iPhone индексінде 82-орында тұр. Орта есеппен қазақстандыққа жаңа смартфон сатып алу үшін 37 күн жұмыс істеуі қажет. Бұл шамамен бір жарым айлық жалақының көлеміне тең.
Мұндай есептеулерде түрлі көрсеткіш ескеріледі. Мәселен, медиандық жалақы 286,4 мың теңге деңгейінде болса, оған жаңа айфон алу үшін 1,7 айлық табыс керек. Ал номиналды жалақы 448,6 мың теңгені құрайды, мұндай жағдайда құрылғыны сатып алу үшін 24 жұмыс күні жеткілікті.
Дегенмен бұл ресми статистика ғана. Нақты өмірде қазақстандықтардың басым бөлігі мұндай табыс таппайды. Өйткені елдегі ең жиі кездесетін (модальды) жалақы бар болғаны – 97,6 мың теңге. Яғни осындай табысқа күнелтетін адамға iPhone 17 үшін кемінде бес ай ішпей -жемей жалақысын жинауға тура келеді. Ал минималды жалақы алатындар жаңа смартфонға ақша жинау үшін жарты жылға жуық уақыт кетеді.
Жалақы айырмашылығы айқын көрінетін салаларда iPhone-ға жету мерзімі де әртүрлі. Мысалы, қаржы және сақтандыру саласында жұмыс істейтіндер небәрі 11 күнде жаңа гаджет сатып ала алады. Мұнай-газ саласындағыларға 12 күн, ал IT саласындағыларға 13 күн жеткілікті. Ал өнер саласының өкілдері айфонға қол жеткізу үшін 35 күн, ауыл шаруашылығы мен коммуналдық қызмет қызметкерлері 34 күн еңбек етуі керек.
Өңірлер арасындағы айырмашылық та аз емес. Ең қысқа мерзім Маңғыстау облысына тиесілі: мұнда жаңа смартфонға ақша жинау үшін 17 күн жеткілікті. Атырау облысы мен Астанада бұл көрсеткіш 18 күн болса, Солтүстік Қазақстан облысында 32 күнге, ал оңтүстік аймақтарда 30–31 күнге дейін созылады.
Жалпы алғанда, Қазақстанда iPhone 17 көпшілік үшін қымбатшылықтың символына айналып отыр. Орташа жалақы деңгейінде бұл гаджетті бір айлық еңбекақымен сатып алу мүмкін емес. Жаңа айфонды бірден қолына алатындар негізінен жоғары табыс табатын салаларда жұмыс істейтіндер ғана. Қалғандары үшін iPhone 17 бірнеше айлық еңбектің бағасымен келетін қымбат арман болып қалады.
Бұған дейін Отбасы банк жаңа смартфон алғанша, сол ақшан баспанаға жинауға кеңес берген.