Ағылшын тілін сериалдар арқылы қалай үйренуге болады

Жарияланды 14 Қыркүйек 2025 16:29

Торғын Қабен

Торғын Қабен

Сериалдар арқылы ағылшын тілін қалай үйренуге болады/ Фото: shutterstock.com

Қазір ағылшын тілін меңгерудің жолы көп. Ол үшін міндетті түрде таңертеңнен кешке дейін оқулықтан бас алмай, жаттығу жасаудың қажеті жоқ. Оған қарағанда ағылшынша сериал, фильм қарасаңыз, деңгейіңіз тезірек көтеріледі. Kursiv Media тілшісі түрлі акцент, сөздік қор мен сөйлеу стильдерінен тұратын 10 сериалдың топтамасын дайындады. Netflix туындыларының ішінен деңгейіңіз бен қызығушылығыңызға сай келетініне тоқталып, жаттығуды бастап кетіңіз. Бір жақсысы, сериал арқылы ағылшын үйренгенде ондағы оқиғаның ішіне еніп кетіп, «енді не болар екен деп» отырасыз. Сондықтан бір оқпен екі қоян атқан боласыз.

Beginner Pre-Intermediate деңгейінде болсаңыз

1. Emily in Paris (Эмили в Париже)

Жанры: комедия, драма, лайфстайл
Сериал не туралы: Америкалық Эмили есімді қыз жұмыспен Парижге қоныс аударады. Сериалда французша онша білмейтін бас кейіпкердің жаңа ортаға қалай бейімделгені туралы баяндалады. Әсіресе, мәдениетке келгенде, жаңа мекен мүлдем басқаша болып шығады. Ағылшынша қарап отырып, Эмилимен бірге уайымдап, махаббатқа қатысты шытырмандарына куә боласыз.
Форматы: 4 маусымнан тұрады, әрқайсысында 10 эпизод бар; бір серияның ұзақтығы ~25–30 минут. Бесінші маусымның қашан шығатыны белгісіз. Бірақ режиссер жаңа маусым болады деген.
Тіл үйренуге қалай көмектеседі:

  • Лексикасы күнделікті тұрмыста қолданылатын қарапайым әрі түсінікті;
  • Кейіпкерлер асықпай, ұғынықты сөйлейді;
  • Маркетиң саласында, әлеуметтік желіде жиі қолданылатын сөздер бар;

2. Atypical (Атипичный)

Жанры: драма, комедия
Сериал не туралы: Аутизмге шалдыққан Сэм есімді жасөспірімнің өмірі туралы сериал. Оның қалай қарым-қатынас құрып, тәуелсіз болуды үйренгені баяндалады.
Форматы: 4 маусымнан тұрады, әрқайсысында 8–10 сериядан бар; бір серияның ұзақтығы ~30 минут.
Тіл үйренуге қалай көмектеседі:

  • Тұрмыста, мектепте қолданылатын сөздерден тұрады;
  • Сөйлемдерді құрылымы қарапайым, қысқа-нұсқа фраза көп;
  • Ауызекі сөйлеп үйренгісі келетіндер осы сериалдан бастауға болады.

3. Anne with an E (Энн с «И»)

Жанры: драма, тарихи роман
Сериал не туралы: Anne of Green Gables романының экранизациясы. Мұнда жаңа отбасыға барып, сол жаққа сіңуді үйренетін жетім қыздың оқиғасы баяндалады.
Форматы: 3 маусымнан тұрады, әрқайсысында 7–10 сериядан бар; бір серияның ұзақтығы ~45 минут.
Тіл үйренуге қалай көмектеседі:

  • Әдеби сөзі көп, лексикасы әдемі фразалардан тұрады;
  • Актерлердің дикциясы өте анық;
  • Сөздік қоры мол, бірақ қабылдауға ауыр емес.

Intermediate деңгейінде болсаңыз

4. Stranger Things (Очень странные дела)

Жанры: фантастика, драма
Сериал не туралы: Шағын ғана қалада тұратын жасөспірім балалар тылсым күштерге тап болып, параллель ғаламға өтіп кетеді. Шытырман оқиғаларды жақсы көретіндерге ұсынамыз.
Форматы: 4 маусымнан тұрады, соңғы бесінші бөлімі түсіріліп жатыр; бір серияның ұзақтығы ~50–60 минут.
Тіл үйренуге қалай көмектеседі:

  • Мектептегі ағылшынға қоса, ересектердің де қорындағы сөздер көп қолданылады;
  • Жастардың сленгі, шынайы америкалық акцент бар;
  • Диалогтары қарапайым, бірақ арасында күрделі құрылымдарды да кездесіресіз.

5. Brooklyn NineNine (Бруклин 9-9)

Жанры: комедия, ситком
Сериал не туралы: Нью-Йорктегі полиция бөлімшесінде жұмыс қалай жүретіні көрсетілген. Әзіл-қалжыңға, харизмасы тұнып тұнып тұрған актерлерге толы комедиялық сериал.
Форматы: 8 маусымнан тұрады, әрқайсысында 22 эпизодтан бар; бір серияның ұзақтығы ~20–25 минут.
Тіл үйренуге қалай көмектеседі:

  • Ауызекі, америкалық акцентте түсірілген;
  • Полиция қызметкерлерінің сленгі бар;

6. The Good Place (В лучшем мире)

Жанры: комедия, философия, фэнтези
Сериал не туралы: Бас кейіпкер қыз өмірден өтіп, о дүниеге барады. Сериалда сол жақтағы оқиғалар баяндалады. Өте терең мағыналы, бірақ әзіл-қалжыңы да бар туынды.
Форматы: 4 маусымнан тұрады, әрқайсысында 13 эпизодтан бар; бір серияның ұзақтығы ~22 минут.
Тіл үйренуге қалай көмектеседі:

  • Сөздері анық;
  • Қарапайым қалжың мен пәлсапа аралас;

Upper Intermediate

7. The Queens Gambit (Ход королевы)

Жанр: драма, спорт
Сериал не туралы: Бет Хармон есімді жетім қыздың оқиғасы. Қоғаммен, өзімен арпалысып жүріп, шахмат жұлдызына айналады.
Форматы: мини-сериал, 7 эпизодтан тұрады; бір серия ~45–60 минут.
Тіл үйренуге қалай көмектеседі:

  • Шахмат, спорт туралы терминдер бар;
  • Америкалық акцент;
  • Кәсіби ғана емес, тұрмыстық сөздер де қолданылады.

8. The Crown (Корона)

Жанры: тарихи драма
Сериал не туралы: II Елизаветыа патшайым туралы сериал. Ағылшын монархиясындағы отбасылық және саяси оқиғалар баяндалады.
Форматы: 6 маусым, 10 сериядан; бір серия ~50–60 минут.
Тіл үйренуге қалай көмектеседі:

  • Классикалық ағылшынша акцент;
  • Саясат, дипломатия, қоғамдық тақырыптағы сөздер;
  • Баяу сөйлейді, үйренуге жақсы.

Advanced

9. Black Mirror (Черное зеркало)

Жанры: фантастика, антиутопия
Сериал не туралы: Технология мен оның қоғамға ықпалы туралы антология. Әр серия жеке-жеке сюжеттен құралады.
Форматы: 6 маусым, әрқайсысында 3–6 серия бар; серия ұзақтығы ~50–70 минут.
Тіл үйренуге қалай көмектеседі:

  • IT, әлеуметтік желі, технология туралы сөздер;
  • Түрлі акценттен тұратды;
  • Диалогтары күрделі.

10. Sherlock (Шерлок)

Жанры: детектив, триллер
Сериал не туралы: Шерлок Холмс туралы классикалық оқиғаларды жаңаша көрсеткен.
Форматы: 4 маусымнан тұрады, әрқайсысында 3 эпизодтан; серия ұзақтығы ~90 минут.
Тіл үйренуге қалай көмектеседі:

  • Сөздік қоры мол;
  • Жылдам сөйлейді, сөйлем құрылымы күрделі;

Сериал қарап қалай ағылшынша үйренуге болады?

Сериалды жай уақыт өткізіп, қызық үшін қараған бір басқа да, оны тіл үйренетін құрал қылып санаған бір басқа. Ендеше, мына лайфхактарды ескергеніңіз жөн:

  1. Алдымен субтитрмен қараңыз
    Басында ағылшынша субтитрларды қосып қойыңыз. Сонда қай сөздің қалай айтылатынына құлақ үйренеді. Орысша, қазақша субтитр қоспағаныңыз жөн. Астында қазақшасы тұрса, ми ерініп қалады да, аудионы тыңдамай, назардың бәрін мәтінге салады.
  2. Тоқтатып, қайталап отырыңыз
    Қызық бір тіркес естіп қалсаңыз, үзіліс жасап, өзіңіз қайталап айтып көріңіз. Сонда айтылуы мен интонацияны бекітесіз.
  3. «Сөздер күнделігін» жүргізіңіз
    Қарап отырып есте қалған, ұнаған сөздерді жазып жүруді әдетке айналдырыңыз.
  4. Қысқа сахналарды қайталап қараңыз
    5-10 минуттық бір эпизодты бірнеше қараған жақсы. Алдымен түсініп алу үшін қарайсыз, одан кейін сөздік қорыңызға қосасыз, соңында сол интонациямен айтуға жаттығасыз.
  5. Актерлерді қайталаңыз
    Эпизодты қосып, репликаларды сол қарқынмен, сол акцентпен айтып көріңіз,
  6. Сериалды деңгейге қарай таңдаңыз
    Енді бастап жатсаңыз, «Шерлокты» қараудың қажеті жоқ. Алдымен жеңілдеуін таңдап, біртіндеп күрделіге ауысыңыз.
  7. Мақсат қойыңыз
    Мәселен «Әр эпизодтан 5 жаңа тіркес үйренемін» дегендей. Сонда жақсырақ сіңеді.

Ең бастысы, тұрақты қарап жүру керек. Тіпті күніне 15-20 минут қана бөлсеңіз де, әдеттен таңбаңыз.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін IT-мамандарға ағылшын тілін үйренудің жеңіл жолдары туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз