Kia модельдері әлемдегі ең сенімді 10 автокөлік қатарына кірді

Жарияланды 15 Қыркүйек 2025 16:28

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Kia сенімділік рейтингінде әлемнің үздік 10 өндірушісінің қатарына кірді / Фото: jalopnik.com

Kia әлемдегі сенімді көліктер рейтингінде позициясын нығайтуда. Consumer Reports пен JD Power компанияларының соңғы есебіне сәйкес, корейлік бренд сенімділік пен автокөліктерге қызмет көрсету құны бойынша ең үздік ондыққа кірді.

Бірнеше жыл бұрын Kia арзанырақ, бірақ ұзаққа шыдамайтын көліктер қатарында болатын. Қазір жағдай өзгерді. Сарапшылардың мәліметінше, бренд клиенттердің қанағаттану деңгейі бойынша тұрақты түрде үздіктер қатарына енген.

Toyota, Lexus және Subaru әлі де көшбасында болса да, корейлік өндіруші бұл айырманы азайтып келеді. Сарапшылар жаңа Kia көліктерінің сенімділігі артып жатқанын атап өтті және бұл үрдіс екінші нарықтағы автокөліктерде де сақталуы ықтимал деп есептейді.

JD Power зерттеуі 2025 жылғы шағын седан K4-ке 100 балдың 89-ын берді. Бұл модельге «Өте жақсы» санатына кіруге мүмкіндік берді. Танымал кроссоверлер Sportage және Carnival да 80 балдан жоғары баға алды.

RepairPal рейтингтері де ұқсас нәтижені көрсетті. Kia 5 жұлдыздан 4 жұлдыз алып, 32 марка арасында үшінші орынға ие болды. Орташа жөндеу құны 474 доллар болды, бұл саланың орташа деңгейінен 178 долларға төмен.

Сарапшылар автомобильдердің сапасының жақсаруы, қолжетімді қызмет көрсету және кеңейтілген кепілдіктің арқасында аталмыш брендке деген сенімділік артып келе жатқанын атап өтеді. Бұл, әсіресе, қазақстандық нарық үшін өзекті. Өйткені модельдердің кең ауқымы брендке тек қытайлықтармен ғана емес, жапондық өндірушілермен де бәсекелесуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік ресми автодилерлер жаңа көліктердің бағасын төмендетуді жалғастырып жатыр. Kурсив Авто дерегінше, бұған дейін Chevrolet, BYD, Changan, Chery, Geely және Hyundai автокөліктері арзандағаннан кейін енді Қазақстанда Kia модельдерінің бағасы да төмендеді.

Сондай-ақ оқыңыз