
Алматыда қала күні мерекесіне орай ерекше перформанс өтті. «Алатау» дәстүрлі театр әртісі автобуспен көшелерді аралап, тұрғындарға тосынсый концерт ұйымдастырды.
Автобус көпқабатты үйлердің аулаларына, аялдамаларға және ашық алаңдарға тоқтап, әншілер, бишілер, қобызшылар, домбырашылар мен баяншылар алматылықтарды алдағы мерекемен құттықтады.Қала тұрғындары өнерпаздарды қуана қарсы алып, әнге қосылып, би билеп, ризашылықтарын білдірді. Кездейсоқ концертке куә болған туристер де қазақтың әуендері мен атмосферасына ерекше әсерленгендерін айтты.
«Алматы аялдамасы» жобасы осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Биылғы шара 19 қыркүйекке дейін жалғасады. Сондай-ақ қала күні аясында Алматы музейлер бірлестігі 21 қыркүйекке дейін метро станцияларында жылжымалы фотокөрме ұйымдастырады. Онда археологиялық жәдігерлер, зергерлік бұйымдар, ХХ ғасырдағы Алматының бейнесі, спорт тарихы мен қазақ музыкасының біртуар тұлғалары қолданған аспаптар қойылған.
18 қыркүйекте жолаушылар метрополитенде «Алматы әуендері» ұжымының концертін тамашалай алады.
Қала күніне орай мегаполисте барлығы 200-ден астам іс-шара өтеді. Негізгі мерекелік іс-шаралар 18–21 қыркүйек аралығында өтеді. Толық бағдарламаны бұған дейін жазған едік.