Килиан Мбаппе UEFA Чемпиондар лигасына арналған Hublot сағатын таныстырды

Жарияланды 26 Қыркүйек 2025 14:02

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Килиан Мбаппе Hublot сағатын таныстырды / фото: Hublot

Қазақстан жанкүйерлері асыға күтіп жүрген «Реалдың» жұлдызы әрі әйгілі швейцариялық Hublot маркасының амбассадоры Килиан Мбаппе жаңа лимиттелген сағат үлгісін таныстырды.

Бұл ерекше серия UEFA Чемпиондар лигасымен серіктестіктің 10 жылдығы мен Еуропа кубогының 70 жылдығына орай шығарылды. Сағат коллекциясы Classic Fusion Chronograph UEFA Champions League Titanium деп аталады.

Шектеулі коллекция

Hublot 2015 жылдан бері Чемпиондар лигасының ресми сағаты болып келеді. Жаңа үлгі осы бір онжылдық серіктестіктің символына айналды.

Сағат бар болғаны 100 дана болып шықты. Корпусы 42 мм көлемінде, жылтыр титаннан жасалған. Терең көк түсті сағатта Чемпиондар лигасының логотипі «3» санында орналасқан. Білезігі бұқа терісінен және каучуктан жасалып, УЕФА жұлдызды добының бейнесімен әрленген.

фото: Hublot

Әр сағатқа арнайы ағаш қорапша мен Чемпиондар лигасы трофейінің шағын көшірмесі қоса беріледі.

Hublot компаниясының бас директоры Жюльен Торнар футболдың бренд үшін мән-маңызын ерекше атап өтті:

«Футбол – елдерді біріктіретін, шабыт беретін және миллиондаған жанкүйерлердің жүрегін дүрсілдететін құбылыс. Біз уақытты тек өлшемейміз, оны ұмытылмас сәтке айналдырамыз», – деді ол.

Айта кетейік, жақын күндері Килиан Мбаппе бастаған «Реал Мадрид» футбол клубы Чемпиондар лигасы аясында алматылық «Қайратқа» қарсы ойнау үшін Қазақстанға келеді.

Сондай-ақ оқыңыз